$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Дәрілік заттарды заңсыз сатқандардың тең жартысы медицина саласының қызметкерлері, - ІІМ

AstanaTV
20.07.2020ж. 20:00
2312
Дәрілік заттарды заңсыз сатқандардың тең жартысы медицина саласының қызметкерлері, - ІІМ

Дәрілік заттарды заңсыз сатудың республика бойынша 348 дерегі анықталған. Полиция қылмыстың жолын кесіп, 284 адамнан жауап алды. Сорақысы оның тең жартысы медицина саласының қызметкерлері болып шықты. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ел Президентіне жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев кінәлілер жазасыз қалмайтынын ескертті. Президент елдегі ахуалға алаңдаулы. Ол коронавирус індетінің таралуына қатысты селекторлық отырыста да, мемлекеттік органдарды сынға алған болатын.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Азаматтар өндірістік баллондарға құйылған оттегіні сатып алып жатыр. Бұл - ауруханалардың тікелей міндеті. Жеке үйлер мен пәтерлерде өндірістік баллондардағы оттегіні пайдалану деректері де анықталған. Олар жарылуы мүмкін, қауіпті газ. Үкімет пен әкімдер бұл мәселені 5 күн ішінде толық шешуі тиіс.

Ауылдағы проблемалар да мемлекет басшысының назарында. Денсаулық сақтау министріне елді-мекендердегі мәселені де шешуге тапсырма берді. Медициналық құрылғылар ауылды жерлерге де жеткізілуі тиіс және қажет болса жылжымалы медициналық кешендерді іске қосқан жөн.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Провизорлық стационарлар бар, тестілеу жүргізіліп жатыр. Бірақ оның жауабын алу ұзақ уақыт қажет етеді. Себебі тек 4 аудандағы орталықтарда ғана ПТР зертхана бар. Ал қалған жерлер талдау сынамаларын облыс орталықтарына жібереді. Оның жауабы келеді дегенше бірнеше күн қажет. Науқастарды облысқа жеткізу кезінде де мәселелер бар. 

Проблема тек адам өмірін сақтауда ғана емес, індет құрбандарын жерлеуде де бар. Президент пайда табу мақсатында «кейбір пысықтар» мәйітті тасымалдау, жерлеуге төленетін ақыны қымбаттатқан дейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы екі аптада мәйітті тасымалдау және жерлеу үшін төленетін ақы қатты өсіп кеткен. Мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Әкімдерге бір күн ішінде "жерлеуден жемтік іздегендерді" жөнге келтіруді тапсырамын.

Коронавирустан қаза тапқандар саны күн сайын артып жатқанымен той өткізіп, карантин шараларын бұзып жатқандар азаймай тұр. Президент бұған себеп әкімдердердің түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізуі деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді. Үкімет мүшелері де, әкімдер де "тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен".

Қазір елдегі жағдай күрделі екенін шетелдік мамандар да айтып отыр. Президенттің пайымынша бұл өз кезегінде мемлекеттің имиджіне нұқсан келтіреді. Жиын соңында мемлекет басшысы коронавирус жөніндегі барлық дерек Үкіметтің айрықша құзыретінде болуы қажет екенін тағы ескерті. Өйткені бұл жекелеген адамдардың жалған ақпарат таратып, қоғамды адастырудан сақтайды, деді.

Ә. Өмірзақ