Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Коронавирустан сақтану үшін бетперденің қай түрін таққан дұрыс?

AstanaTV
20.07.2020ж. 20:00
3394
Коронавирустан сақтану үшін бетперденің қай түрін таққан дұрыс?

Жаһанды жаулаған вирус сән әлеміне де әсер етуде. Қазір ел ішінде сәнді бетперделер мен хош иісті антисептиктерге сұраныс күн санап артып келеді. Әсіресе түрлі матадан тігілген, бағалы әшекей бұйымдармен безендірілген маскалар жылдам өтетін болған. 
 
Осы орайда отандық сәнгерлер құны 3000-нан 5000 теңгеге дейін жететін түрлі бетперделер жасап шығарды. Сәнді маскілерді жұрт бір-бірінен қалыс қалмай жаппай алып жатыр. Тіпті үстіндегі киіміне сай түсін де өзгертіп тағатындары бар екен. Белгілі дизайнер Жарқын Баймахановта тұтынушыларым көбіне түрлі-түсті маскілер сұрап келеді дейді.
 
Жарқын БАЙМАХАНОВ, ДИЗАЙНЕР:

Бетперде тігуді біз осыдан 3-4 ай бұрын қолға алдық. Себебі сол уақытта елде карантин басталып, дәріханаларда маска тапшылығы туып жатты. Осы уақытқа дейін 100-ден аса бетпердеміз сатылды. Өте ыңғайлы. Жуып, қайта қолдана беруге болады. Әдемі көрінуі үшін мынайдай логотиптерді де жабыстырдық.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Халықтың медициналық бетперделерді киюге құлқы жоқ екенін түсінген дизайнер «осылайша індетпен күресуге өз үлесімді қосуды жөн көрдім», - дейді. Оның қолынан шыққан бетперделердің қарапайым маскіден айырмашылығы мынадай жұмсақ матадан тігілгендігінде. Сәнді бұйымның құны 1000 теңгені құрайды. Ал оны дайындауға 1-1 жарым сағат уақыт кетеді.

Естеріңізге салсақ, күні кеше өмірден озған дизайнер Берік Исмайлов ағамыз да медициналық маскалар тігіп жалпақ жұртқа тегін таратқан еді. Бұл бастаманы қазір әзіл-сықақшы Тұрсынбек Қабатов та жалғастыруда.
 
Үндістанның Сурат қаласында да гауһар тастармен безендірілген бетперделер сатыла бастапты. Оның құны екі мың мен бес мың доллар аралығында.Әйтсе де отандық дәрігерлер бетпердені сән үшін емес кеселден қорғану мақсатында таққан абзал дейді.

Дария МАМЫРАИМОВА, ТЕРАПЕВТ-ЭНДОКРИНОЛОГ:
 
Қазір полимерный масканы қолданғанды жөн деп санаймыз. Өйткені полимерлі мата бактерияларды сүзгіштігі жағынан өте жақсы. Осы полимерлі масканың өзін тағу әдісін көптігіміз білмейміз. Көк жағын сыртқа, ақ жағын ішке сақтау керек. Көк жағында масканың бактерияларды ұстап қалатын қасиеті бар. Қолдан жасалған маскілерді мен құптамаймын.

Қалай десек те, медициналық бетперделердің саудасы әлі қызып тұр. Қаладағы шағын дәріханалардың өзінде бетперделер лезде таусылуда. Әйтсе де оны тақпай, ережені бұзып жүргендер де аз емес. Қазір жергілікті билік карантин ережесін елемейтіндермен күресті күшейткен. Карантин талаптарына құлақ аспай, маска тақпай көшеде жүргендерге 83 мың теңгеге дейін айыппұл салынуды көздеп отыр.

Ә. Лесбек