Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Маңғыстау облысына 20 ӨЖЖ аппараты жеткізілді

AstanaTV
27.07.2020ж. 20:00
1609
Маңғыстау облысына 20 ӨЖЖ аппараты жеткізілді

Маңғыстаудағы ауруханаларға өкпені жасанды желдететін 20 құрылғы жеткізілді. "ҚазМұнайГаз" бен "Қазақтеңізкөлікфлоты" компаниялары, бұл мақсатқа жалпы құны 320 миллион теңге жұмсаған. Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы басшылығы бұл аппараттарды Қытайдан сатып алыпты. Кәсіпорынның бас директоры денсаулық сақтау ұйымдарына көрсетіліп жатқан көмек мұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізді.

Айдар ОРЖАНОВ, "ҚАЗАҚТЕҢІЗКӨЛІКФЛОТЫ" ҰТКҚК БАС ДИРЕКТОРЫ:

Қазір дәрігерлерге және аурханаларға көмектесуді жалғастырудамыз. Себебі біз жергілікті, аймақтық компаниямыз. Осындай қиын сәтте елдің саулығы үшін алғы шепте жүрген азаматтарға қолдау көрсетуіміз керек. Әкімдіктің өтінімі мен "ҚазМұнайгаздың" тапсырмасы бойынша науқастарды аман сақтап қалу үшін шетелден тездетіп 20 ӨЖЖ аппаратын сатып алдық.

Аймақтағы дәрігелердің сөзінше, қазір облыста өкпесі қабынған науқастардың саны азайып келеді. Орталық провизорлық стационарда 300-ге жуық адам емделіп, үйлеріне босатылыпты. Ауруханада бүгінгі күні ауыр халдегі 33 науқас бар. Олардың барлығы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Сергей ОЛЖАБАЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:

Аурудың төмендеуі байқалады. Сондықтан да бұл аппараттар тек осы ауруханада қалмайды. Бұл аппараттар облыс, аудан, қалаларға таратылады. Және облыстық балалар ауруханасына және әскери бөлімдерге беріліп жатыр. Сондықтан бұл аппараттар уақытылы, дәл кезінде келді деп есептейміз. "Қазақтеңізкөлікфлоты" басшыларына көп-көп рақмет.


"Қазақтеңізкөлікфлоты" компаниясы сыйға берген медициналық жабдықтар, облыстағы ауруханаларға да таратылады. Қазір Маңғыстау облысындағы емдеу мекемелерінің 90 пайызы науқастарға қажетті құрал-жабықтармен қамтамасыз етілген.

Аббат ӨСЕРБАЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ ТОБЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

Қазіргі біздің басты мақсат -  дайындықты пысықтау. Егер тағы бір қауіп төнер болса, кез-келген пандемия мен ауруға тойтарыс беру сондай-ақ қорғану  үшін аппараттардың саны жеткілікті.  Бұл көмек "Қазақтеңізкөлікфлоты" компаниясының көмегімен уақытылы және өте қажетті уақытта жеткізілді. Кәсіпорын ұжымына алғысымызды білдіреміз!

Сонымен қатар, "ҚазМұнайГаз" және "Қазақтеңізкөлікфлоты" компаниялары осы аппараттарды пайдаланудың әдіс-тәсілдерін үйрету үшін медицина қызметкерлерін оқытуды да жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, екі кәсіпорынның жұмысшылары да ай сайын дәрігерлерді қолдау мақсатында жалақыларының белгілі бір бөлігін аударып отыруды әдетке айналдырған. Бұған дейін ел басына түскен қиын-қыстау сәтте аяндай еңбек етіп жүрген ақ халаттылардың қауіпсіздігі үшін қорғаныш құралдарын да үлестіріпті.

А. Данияр