Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылжарда сауда үйі өртеніп, кәсіпкерлер тауарларынан айырылып қалды

AstanaTV
28.07.2020ж. 20:00
1849
Қызылжарда сауда үйі өртеніп, кәсіпкерлер тауарларынан айырылып қалды

Қызылжарда сауда үйі өртеніп, кәсіпкерлер тауарларынан айырылып қалды. Орталық базарда орналасқан ғимаратта өрт таңғы сағат алтыда шыққан. Құтқарушылар келген кезде жалын тілі 300 шаршы метрге шарпып, бірінші қабаттағы 40-қа жуық азық-түлік дүңгіршек отқа оранған. Араға екі сағат салып, жалынға тосқауыл қойылды. Абырой болғанда, апат таңға жуық болғандықтан, зардап шекпеді.

Николай БЕЛОУСОВ, СҚО ТЖД ӨРТ СӨНДІРУ ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Өрт жайында хабар таңғы төртте келіп түсті. Отты ауыздықтауға 16 техника мен 50 адам жұмылдырылды. Екі сағаттан кейін толық сөндірілді. Ғимараттың 450 шаршы метрі жанып кетті. "Біреу қасақана өрттеді" деген болжам қарастырылмай отыр. Себебі, бейнекамераларды қарадық. Ешкім жолаған жоқ.

Бутиктер жалға алып отырған кәсіпкерлер, мұнда 2010 жылдан бастап жұмыс істеп келген. Қазір саудагерлер күл-қоқысқа айналған тауарын шығарып, шығын көлемін есептеп жатыр. Сағы сынған бизнес өкілдерінің айтуынша, өнімнің тең жартысы бүлініпті. Жұмысынан қағылған жұрт не істерін білмей, абдырап қалды. 

Марина МАРЧЕНКО, КӘСІПКЕР:


Тауарларға түтіннің иісі сіңіп қалды. Енді олар тұтынуға жарамсыз. Сегіз тоңазытқыштың үшеуіне су шашырап, техника күйіп кетті. Енді бұл шығынды кім қайтарады? Кінәлі тарапты сотқа беру мәселесін бәріміз бірге шешеміз деп ойлаймын.


Татьяна КАЛИНИНА, КӘСІПКЕР:


Менде мұнда 2.5 миллион теңгенің тауары тұрды. Басым бөлігі бүлініп қалды. Енді бұл ғимаратты қалпына келтіргенше не заман? Уақытша табыссыз қалдық.

Төтенше жағдай мамандары өрттің нақты себебін анықтап жатыр. Жалпы шығын көлемі де әзірге белгісіз. Ал онсыз да табыстан қағылған жұртқа бұл "жығылғанға жұдырық" болды. Олардың шығының ешкім өтемесе, бірқатары банкротқа ұшырауы да әбден мүмкін.

А. Құрманкин