Ливан астанасы Бейрутта болған жойқын жарылыстан қаза тапқандар саны 100 адамнан асты. Тағы 4 мыңға жуығы зардап шеккен. Із-түссіз жоғалғандар да аз емес.
Ибрахим ШАМАС, БЕЙРУТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бауырымның жасы 29-да. Кешкі 7-ден бері барлық ауруханаларды аралап шықтық. Таба алмадық. Тірі ме өлі ме? Енді жапа шеккендер тізімін күтіп отырмыз.
Жергілікті БАҚ өкілдері ауруханалар лық толы екенін жазады. Бұдан бөлек мәйіттерді сақтайтын орын да тапшы.
Джосеф ХЕЛУ, ЛИВАН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ БӨЛІМІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Барлық медицина орталықтарының назарына: егер мәйітті сақтайтын тоңазытқыш болса бізді хабардар етулеріңізді өтінемін. Өйткені өлгендер өте көп. Туыстары тауып, кім екені анықталғанша сақтайтын орын қажет.
БЕЙРУТ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:
Бізде қазір ауруханада кем дегенде 300 адам жатыр. Алты операция бөлмесі бар, барлығы толы. Көмекке мұқтаж адамдар әлі де келіп жатыр. Дәрігер, медбикелерден бөлек әкімшіліктегілер де жұмысқа тартылды. Аурухананың жағдайын көріп тұрсыздар. Кіреберіс төбесі опырылып, пациенттер жатқан палаталардың терезелері сынған.
Құтқарушылар осы уақытта жоғалған адамдарды іздестіріп жатыр. Қаланың 50 пайызы қирапты. Бұл, қала басшысы Марван Аббудтың көңілін босатты.
Жойқын жарлыстан Қазақстанның Ливандағы консулдық ғимараты да зардап шекті. Оқиға кешкісін болғандықтан жұмыста консулдан басқа ешкім болмапты. Дипломаттың өзі жеңіл дене жарақатын алған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі келтірген дерекке қарағанда Ливанда 113 отандасымыз бар. Шүкір. Олар, аман-есен. Ливанда сондай ақ БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына қатысаты 120 қазақ жауынгері жүр. Олардың да арасында зардап шеккендер жоқ.
Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Жарылыс туралы ақпарат алғаннан кейін біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне Ливандағы қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі таңда дипломаттарымыз азаматтармен хабарасып жатыр. Дипломатиялық миссия қызеткерлері мен отбасы мүшелері аман-есен.
Ливан билігі жарылыстың негізгі себебін анықтауға кірісті. Алғашқы нұсқаны елдің премьер министрі Хасан Диаб хабарлады.
Хасан ДИАБ, ЛИВАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Салмағы 2 750 тонна аммиак селитрасы алты жыл бойы қоймада болуы дұрыс емес. Бұл азаматтардың өміріне қауіп төндіреді. Кінәліні тауып, жауапқа тартпай тынышталмаймын. Оған ең қатаң жаза шараларын қолданамыз.
Бейрут портындағы жарылыс бүкіл әлем ақпарат құралдарын шулатты. Кейбірі, "Жойқын жарылысқа себепші болған аммиак селистрасы ұрланған болуы мүмкін", деп жазып жатыр. Келтірілген деректерге қарағанда химикат қоймасын біреулер тонап кейіннен тесікті бектіпек болған кезде жарылыс болған. Ливан Үкімет басшысы жарылыстың себеп салдарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылатынын жеткізді. Олар, тергеу жұмыстарын 48 сағат ішінде аяқтауы тиіс. Алдын ала есеп бойынша жарылыстан келген шығын көлемі 5 миллиард долларға жетеді. Тамыздың 5-і Ливанда, жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ливан Президенті Мишель Аунға телефон соғты. "Жарылыс кезінде қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектестік білдірдім", деп жазды Мемлекет басшысы өзінің туиттердігі парақшасына.
Ә. Өмірзақ