$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылжар өңірінде жолға бөлінген 700 миллион теңге желге ұшты

AstanaTV
06.08.2020ж. 20:00
2643
Қызылжар өңірінде жолға бөлінген 700 миллион теңге желге ұшты

Қызылжар өңірінде жолға бөлінген 700 миллион теңге желге ұшты. Ғабит Мүсірепов ауданында былтыр ғана төселген асфальт езіліп қалды. Чистополье мен Еленовка ауылдарын қосатын жол кеңес одағы заманынан бері жөндеу көрмепті. Өткен жылы күре жолдың 21 шақырымы жаңғыртылды. Алайда, бірнеше айдан кейін тақтайдай тегіс асфальттың тас талқаны шыққан.

Мақсат БАЯХМЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жол өткен жылдың шілде айында ғана жөнделген. Келісім-шартқа сәйкес асфальттың қалыңдығы 5 см болуы тиіс. Бұған 719 миллион теңге бөлінді. Бірақ асфальт көп жерде езіліп, тесіліп қалды. Мердігер компания бұл кемшіліктерді жоюдан бас тартып отыр.

Жұрт жолдың сапасыз төселіп жатқанын құрылыс барысында байқағандарын айтады. Бұған жергілікті депутаттар да аралспақ болған. Бірақ мердігер компанияға тістері батпапты.

Ерлан ӘДІЛБЕК, Ғ.МҮСІРЕПОВ АУДАНЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:


Жол төселе салысымен бізге халықтан шағымдар түсе бастады. Мен өткен жылдың қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін үш депутаттық сауал жібердім. Бірақ, бұдан нәтиже шықпады. Мердігер жыртықты жамауға құлықсыз.

Ал, мердігер кәсіпорын басшысы болса, "Жол барлық талаптарға сай төселді", деп отыр. Асфальттың опырылуына жүк көліктері кнәлі көрінеді.

Валерик АРГАРЯН, МЕРДІГЕРЛІК КОМПАНИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз тиісті талаптарды мүлтіксіз орындадық. Асфальттың сапалы төселгенін тәуелсіз экспертиза да растады. Жолды жүк көліктері езіп тастады. Онда бидай тасып жүрген қытайлық көліктердің жалпы салмағы 100 тоннадан асады. Менің бұған дәлелім бар. Бұндай салмаққа қай жол шыдайды? Осыған байланысты мен қайта жөндеуден бас тарттым. Енді тапсырыс берушімен тек сотта ғана кездесеміз.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
 
Қазір қос тарап өз мүддесін сотта қорғауға әзірленіп жатыр. Алғашқы отырыс қыркүйек айына жоспарланып отыр. Бұл іске сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де кірісті. Бірақ тайға таңба басқандай дәлелді дәйектер тапшы. Дегенмен 700 млн теңге қай жақтың қалтасын қалыңдатты? Мұны енді сот анықтайды!

А. Құрманкин