Бүгін елде карантин режимі жеңілдеді. Эпидемиологиялық ахуалдың біртіндеп жақсаруына байланысты, мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдаған. Осыған сай елдегі сауда орталықтары, жабық базарлар, сұлулық салондары, бассейіні жоқ фитнес орталықтар мен моншалар қайта ашылды. Дегенмен, денсаулық сақтау министрлігі арқаны кеңге салуға болмайды деді. Санитарлық-қауіпсіздік ережелерін сақтау, антисептик қолдану, көшеде медициналық бетперде тағу әлі де сақталуы тиіс. Министрлік осыны тағы да ескертті.
Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Шектеулер әлі тоқтатылған жоқ, сондықтан қоғамдық орындарға барғанда міндетті түрде бетпердені киіп, міндетті түрде әлеуметтік ара қашықтықты сақтап санитарлық талаптарды орындап бір-бірімізге сақ болайық.
Министрліктің дерегінше, қазір ел аумағында 19 мыңға жуық адам коронавирустан ем қабылдап жатыр. Оның 99-ы бала. Ауру жұқтырғандардың 509-ының жағдайын дәрігерлер ауыр және аса ауыр деп бағалап отыр. 72 науқас өздігінен тыныс ала алмайтындықтан, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Жалпы наурыздың 13-інен бері республика бойынша 103 мыңнан аса адам дертке шалдығыпты. Оның 80 пайызы жазылып, ауруханадан шыққан. Өкінішке орай 1415 науқас індет құрбаны болды. Ал, Covid-19-ға ұқсас, ПТР тестті расталмаған кеселмен соңғы тәулікте 141 адам тіркелген. Дегенмен министрлік өткен аптада ауру көрсеткіші едәуір төмендегенін хабарлайды.
Т. Оспанбаева