$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылжарда жедел жәрдеммен соқтығысқан азаматтың жүргізуші куәлігі жоқ болып шықты

AstanaTV
17.08.2020ж. 20:00
2501
Қызылжарда жедел жәрдеммен соқтығысқан азаматтың жүргізуші куәлігі жоқ болып шықты

Қызылжарда жедел жәрдеммен соқтығысып қалған көлік иесінің жүргізуші куәлігі жоқ болып шықты. Бұл жайында жергілікті полиция департаменті хабарлады. Жол апаты өткен сенбіде Петропавл көшелерінің бірінде болған. Алайда апатқа кім айыпты екені әлі белгісіз. Мәселенің мән-жайын аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтап көрді.

Елді елең еткізген оқиға тамыздың он бесі күні түс ауа Назарбаев пен Мүсірепов көшелерінің қиылысында болды. Дабылдатып ауруханаға науқас алып бара жатқан жедел жәрдем аударылып түскен. Асыққан ақ халаттыларға ВАЗ автокөлігі соқтығысыпты. Абырой болғанда, барлығы да дін аман.

Серік ОСПАНОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

Мен жол ережесін бұзбай 40 шақырым жылдамдықпен жүріп отырдым. Дабылқаққыштың дыбысын естіген жоқпын. Қиылыстан өтіп бара жатқан кезде кенеттен сол жағымнан келіп соғылды. Мен бірнеше метрден кейін тоқтап, көліктен шықтым. Басым айналып, бетім қан-қан болды. Жақын маңда бет-ауызымды жуып, оқиға орнына қайтып келсем, полицейлер жиналып қалыпты.

Жеңіл көлік иесінің жүргізуші куәлігі жоқ болып шықты. Серік Оспанов көлікті құжатсыз жүргізгені үшін осымен үшінші рет жауапқа тартылып отыр екен. Алайда, осы жолғы апатқа айыпты ол емес жедел жәрдем жүргізушісі көрінеді.

Баян БАЙҒАСКИНА, СҚО ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:


Жедел жәрдем автокөлігінің жүргізушілері жарқылдауық белгілерін жаққанымен қиылыстарды өтер алдында жан-жақтан кедергі бар-жоғын қарап алуға тиісті. Ол жарқылдауық белгісін жақтым деп қатты келе жатқан. Жедел жәрдем кінәлі.  Материалдар жиналып әкімшілік сотына процессуалдық сотына шешім қабылдау үшін жолданды.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Жедел жәрдем қызметі бұл оқиғаға қатысты сұхбат беруден бас тартты. Жеке мекеме болып саналатын бұл ұйым жүргізуші мен фельдшерді еңбек демалысына жібергені белгілі. Қазір қос тарап сот процессін күтіп отыр. Бірақ жеңіл көлік иесі материалдық өтемақыны талап етпейтінін мәлімдеді.

А. Құрманкин