$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматы әкімдігі жол айрығын салу үшін жер телімдерін сатып алуда

AstanaTV
26.09.2017ж. 20:00
3193
Алматы әкімдігі жол айрығын салу үшін жер телімдерін сатып алуда

Құлжа тас жолындағы жол айрық үшін сүрілуі тиіс 30 нысанның тек екеуін сатып алуға жергілікті билік 550 миллион теңге жұмсаған. Бүгінде 9 жер телімі сатып алынса, қалғанын келер жылдың жазына дейін мемлекет меншігіне қайтару жоспары бар. Алайда, кейбір қожайындар жер тым арзанға бағаланып жатқанын мәлімдеді. Олжас Нұржақып баяндайды.

30 нысанның бірі - мына жанармай бекеті. Құлжа тас жолымен Рысқұлов даңғылының қиылысында тұрғандықтан, жол айрығын салуға кедергі келтіреді. Сондықтан әкімдік оны жақын арада сүретіндігін айтады. Иесімен келісімге келіп, сатып алынса да, әлі істеп тұр. Ал, ондағы жұмысшылар қашанға дейін жұмыс жалғасатынын білмейді. 

Валентина Выблова, жанармай құю бекетінің кассирі:

Шынын айтсам, қашанға дейін жұмыс істейтінімізді айтпады. Бірақ мұндағы жұмысшыларды басқа нүктедегі бекеттерге орналастыратындығын ескертті. Әрине, орын болса.

Әр нысанға берілетін сомма мөлшері де әртүрлі. Жанармай бекеті, мейрамхана сынды ғимараттардан бөлек, мұндағы жердің басым бөлігі бос жатыр. Бірақ, нарықтағы бағасын жол айрығы үшін жоғалтқан ұсыныс кей қожайынның көңіліне қонбайды. 30 миллиондық жері жарты құнына бағаланған. 

Бақыт Үсенов, жер иесі:

Бағалаушылардың бағасына көңілім толмайды. Өйткені олар нарықтағы бағадан төмен бағалап жатыр. Ал қазір жер қымбат. Негізі нарықтағы баға бойынша бір соттық жерім 3 миллион теңгеден болады.

Ардақ Самамбетов, Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

Біз деген жерді нарық бойынша санамаймыз. Нарықта 1 соттық жер 10 мың АҚШ доллары десек болады. Бірақ, біз онымен санамаймыз. Заңда басқа формамыз бар.  Тиісті құжатты берген кезде келісімшартты береміз. Соның ішінде құны жазылады. Келіскендер келісім береді. Келісімшартқа қол қойып, сатып алатын боламыз. Егер келіспесе, бұл тек қана сот арқылы шешілетін нәрсе. 

Жер телімін сатып алу жұмыстарына республикалық бюджеттен 500 млн теңге бөлінсе, жергілікті билік қазынасынан 765 млн теңге қарастырылған. Бүгінде бұл істің 30 пайызы аяқталыпты. Қаржы жетпесе, жергілікті билік пен республика қазынасынан тағы қаржы сұрамақ. Мақсат - 2019 жылдың аяғында жол айрықты іске қосу.

Олжас Нұржақып, тілші:

Әкімдік бір жанармай бекетін 300 млн теңгеге сатып алса, мына мейрамхананы 250 млн теңгеге бағалаған. Қожайынымен келісімге отырып, қомақты қаражатты қалтасына да аударып қойыпты. Жол жұмыстары жанданса, бұл ғимараттардың барлығы сүрілетін болады.

Олжас НҰРЖАҚЫП