Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылордалық еріктілер мұқтаж жандарға тегін компьютер таратып жүр

AstanaTV
19.08.2020ж. 20:00
3217
Қызылордалық еріктілер мұқтаж жандарға тегін компьютер таратып жүр

Қызылордалық жастар 100 балаға тегін компьютер сыйламақ. Бастамашыл топ тұрғындардан ескі, жарамсыз техникаларды жинап, жөндеп, кәдеге асыруда. Жұмысты жеделдету үшін шараға автокөлігі бар еріктілер де тартылған. Олар тұрғындардың өтініші бойынша үйлерді аралап, жинақталған компьютерлерді мамандарға тапсырады. Еріктілердің игі бастамасы жайлы келесі бейнематериалда.

Сыр өңірінде жаңа оқу жылына дайын емес оқушы көп. Карантинге бола егер қашықтан оқу әдісі енгізілсе онда кейбір оқушы мектеп бағдарламасынан алыстап қалмақ. Бұл мәселе қызылордалық еріктілерді ойландырды. Олар, елден ескі-құсқы компьютерлерді жинап, жөндеп мұқтажтарға тегін таратып бермек. Осы игі істің басы қасында жүргендердің бірі Рақымжан Мұсатай.

Рақымжан МҰСАТАЙ, ЕРІКТІ:
 
Еліміздің басына қиын жағдай болған кезде аз да болсын өзіміздің қолымыздан келетін іске жұмылғанды жөн көрдік. Мұқтаж отбасыға, сол отбасының бір мүшесіне толыққанды білім алуына жағдай жасау мақсатында осындай шараларға өз еркімізбен күш-көмегімізді көрсетіп жатырмыз.

Шүкір, Сыр өңірінде ниеті ақ, ерікті аз емес. Компьютерді тегін жинап жүрген жастар қатары осы күнде 30-ға жеткен. Олар, бастамаларын қағазға басып көше-көшеге іліп шығыпты. Халық, еріктілер үндеуін естіді. Хабарласып, істен шыққан техникасын беріп жүрген ел көбейді.

Ләзиза АЙНАДИНҚЫЗЫ, ТҰРҒЫН:

Жастардың ұйымдастырып отырған бастамасына мен де өз үлесімді қоспақ болып, үйде тұрған компьютер жабдықтарын өткізуге шешім қабылдадым. Мына ұйымдастырылып отырған шара көп балалы аналарға қажет болады деген ниетпен өткізіп отырмын.

Тегін жиналған компьютерді, тегін жөндейтін 4 білікті маман бар. Олардың қолына тиген ескі заттар, санаулы күнде жаңарып шығып жүр.

Бауыржан МӘСТЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Істен шыққан компьютерлерді жинақтай отырып, біз осы  ІТ – парктің базасында жинақтап, жұмыс жасайтын мүмкіндікке келтіре отырып, әрі қарай, сол азаматтарға, атаулы мүмкіндігі шектеулі азамат, үйден оқитын балаларға табыстайтын боламыз.

Еріктілердің ісі шағын болғанымен атқарған жұмысы ұшан-теңіз.

Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА, ТІЛШІ:
 
Жас мамандар қолымен 100 компьютер жасалып жатыр. Олар жақын арада, заманауи құралға қолы жетпей отырған 100 балаға тегін үлестірілмек.

М.Қожахметова