Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Қызылордадағы шағын аудандардың бірінде электр бағаналары құлап жатыр

AstanaTV
19.08.2020ж. 20:00
2471
Қызылордадағы шағын аудандардың бірінде электр бағаналары құлап жатыр

Қызылордадағы Титов шағын ауданының тұрғындары тозығы жеткен электр бағаналарынан қауіптенеді. Редакциямызға хабарласқан тұрғын көше бойындағы бағаналар құлап қалғанына біршама уақыт болғанын айтты. Тұрғындардың базынасына құзырлы мекеме мамандары атүсті қарағандықтан, бағаналарды жұрт өздері тұрғызып қойған. Алайда, ілдебайлаған бағандар халықтың ығына көнер емес, қайта-қайта құлап титықтатып бітті деп отыр. Бәрінен бұрын олар балаларына алаңдайды. Бұл аздай, көше халқы жолдың да жағдайы мәз емес,-дейді. Әкімдіктегілер де жарытып жауап бермей жүрген көрінеді. Амалы таусылған тұрғындар телеарна ұжымынан үмітті.

Серікгүл БІЛІСБАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жел болса, жарығымыз сөніп қалады. Құлап қалған бағаналарды өзіміз тұрғызып, көмуге мәжбүрміз. Аваринный шақырсақ, біз келмейміз, өздеріңіз орнатпасаңыздар қиып кетеміз деп құтылады.

Осы мәселе бойынша Қызылорда қалалық әкімдігіне хабарластық. Қазір бізбен тікелей байланыста қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев бар екен. Ерлан мырза, қайырлы кеш. Проблеманы білесіз, халық бірнеше рет айттық дейді. Бағаналарды өздеріңіз жөндеуге не кедергі? Сапасыз электр бағаналары қашан жаңартылады?

Ерлан БЕРДІБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл мәселелердің бәрі қала әкімінің назарында. Бағаналардың бәрін тексердік. Енді сметалық құжаттар әзірленіп, сараптама жасалады. Жуық арада шешіледі. Биыл барлық жұмыстар аяқталатынын нақты айта аламын.

Тұрғындар жіберген бейнероликтен жолдың да сын көтермейтінін байқадық. Бұл мәселелер қашан шешіледі? Жұрттың айтуынша, әкімдіктен ешқандай асфальт төселмейді деген жауап алыпты. Бұл қаншалықты рас? Егер төселетін болса жол қашан жөнделеді?

Сұхбатыңызға рақмет! Ерлан Құлахметұлы,бізге хабарласқан көрермендердің мәселесі шешілгенше біздің назарда болады. Бізбен тікелей байланыста болған Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев. Қымбатты көрермен, телерепортер айдары қайта іске қосылды. Сіздің де өзекті мәселеңіз болса, хабарласыңыз!  Біз сізбен бірге жауабын іздейміз. Егер заңсыз оқиғалар мен төтенше жағдайлардың куәсі болсаңыз, экранда көрсетілген нөмірге хабарласып, видео немесе аудио жолдасаңыз болады.

Ғ.Өтемісов