Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қостанайда "Дипломымен ауылға" барған жас маман тиісті көмек ақшаны ала алмай жүр

AstanaTV
25.08.2020ж. 20:00
3882
Қостанайда "Дипломымен ауылға" барған жас маман тиісті көмек ақшаны ала алмай жүр

Жәрдемақы алмаса, жас маманға не жорық? Қостанай облысындағы Жданов кентінде жас маманның жергілікті әкімдік табалдырығын тоздырғанына 1 жыл болды. Ол, жастарға арналған көтермек қаражатты ала алмай жүр. Бір қызығы Арысбек Бақдаулетті, дипломыңмен ауылға келсең болды жағдай жасаймыз деген әкімдіктің өзі. Мектеп мұғалімінің жан айқайын Заңғар Санай жеткізеді.

Филология факультетін тәмамдаған Арысбек Бақдәулетұлы Қостанай ауданы, Жданов орта мектебіне жұмысқа орналасқан. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі өткен жылы аудандық экономика және қаржы бөліміне өтініш жазып, көтерме жәрдемақы беруді сұраған. Бір жыл өтті. Уәде әлі күнге қағаз бетінде жатыр.

Арысбек БАҚДӘУЛЕТ, ЖАС МАМАН:

Жастардың көбісі қазір қалаға қарай кетеді ғой әрине. Енді үкіметтен сол көмекті ала алмасақ. Жаңағы экономика бөлімі солар көмектесе  алмаса, осындай жағдайды түсіне алмаса, ондай болса қалаға кетуге мәжбүр болам. Ешқандай басқа амал жоқ.


Негізі, мамандарға арналған көтерме жәрдемақы жергілікті қазынадан қарастырылған. Алайда, аудан басшылығы, "бюджетте артық ақша жоқ", деп отыр. Сөздеріне қарағанда, былтырғы уәде биыл орындалатын сияқты. "Жәрдемақыны қарашада береміз", дейді.

Марина ШИЛИНА, ҚОСТАНАЙ АУДАНДЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Кезекте тұр. Яғни, көтерме жәрдемақыны алады деген сөз. Ал, баспанаға келгенде, біз оған түсіндіруге тырыстық. Ия, ол несиемді толық өтедім деген анықтамасын көрсетті. Бірақ біз құжат қабылдамаймыз ғой. Қағаздарын халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырсын.

Аудандық бөлім басшыларының айтуынша, биыл  «Дипломмен ауылға» бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізіліпті. Ендігәрі құжаттар тек халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ғана қабылданады екен. Ал, несиесі немесе айыппұлы бар жас мамандар бұдан былай мемлекеттік бағдарламадан тыс қалатын көрінеді.

Маржан САЛМАҒАМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бірден оларға пәтер осы «дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша, бірден оларға қаражат бөлінбей күтуі де мүмкін. Өйткені тек қана білім саласына келетін мамандарға берілмейді ғой. Денсаулық саласына бізде көп келеді мысалы. Солардың барлығын қарастырғанда күтіп қалатын жағдайлар бар енді.  Бірден бөлінбейді. Қаражатқа  байланысты.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен соңғы 3 жылда Қостанай ауданына жетпістен астам жас мұғалім келген. Оларға тұрғын үй несиесі мен көтерме жәрдемақы үшін қазынадан 186 миллион теңге бөлінген. Бірақ ол, өкінішке орай кейбір жастарға жетпей жатыр. Сондықтан болар Тобыл өңірінде маман тапшылғы байқалады. Осы күнде ауыл мектептеріне 20-ға тарта мұғалім қажет екен.

З. Санай