Бұл аңыз ба, ақиқат па? Қазығұрт тауының басында пирамидалар пайда болды. Оның тұрғызған профессор осылай әлемге етек жайған кеселді тоқтатпақ болған. Бұл әрекеті үшін енді ол сот алдында жауап бермек. Әріптесім Айзада Төребекқызы мәселені мәнісіне үңіліп, биік таудың басындағы ерекше құрылысты көзімен көріп қайтты.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Дәл қазір мен Қазығұрт тауының үстінде тұрмын. Бұл жер теңіз деңгейінен 1 500 метр биіктікте. Байқап тұрғандарыңыздай, менің артымда мынадай үшбұрышты пирамидалар орналасқан. Мұнда осындай төртеуі бар. Әрқайсысының биіктігі 3 метрден кем емес.
Ерекше құрылыстың авторы Қазығұрттану ғылыми зерттеу институтының директоры. Айтуынша өзіне аян берілген. Онда дәл осы жерде 12 мыңдай жыл бұрын пирамидалар болғанын айтыпты. Соны жаңғыртса, әлемде жайпаған қытай індеті тоқтайтыды деген. Көмек сұрап шенділерге барғанмен, тауы шағылып қайтқанын айтады. Бірақ аманатқа қиянат жасай алмай, құрылысты бастап кетіпті. Шамамен 2,5 млн тенге қаражат жұмсаған. Қомақты қаржы қордан алынды деп отыр.
Бералы АРТЫҒАЛИЕВ, «ҚАЗЫҒҰРТТАНУ» ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бірінші екеуін бітірдік 15 июнь күні. Бітірген күні біз Шымкент қаласына барсам 500-ге азайыпты вызов. Осы екі жылдың ішінде белгілі болады құдай қаласа енді коронавирустың тоқтауына... Мынау пирамидалардың 7 метрлігін қойғанда бүкіл әлем тоқтауы керек жетеуге жеткенде. Мен солай түсінем, мынау қазір аздау.
Бералы Артығалиев биіктігі үш метрлік төрт пирамиданың күші аздау болып тұр дейді. Ол бұл маңда ұзын саны 19 пирамиданың орны барын анықтапты. Профессор Нұһ пайғамдардың кемесі қайырлаған маңда бой көтерген үш бұрыштар адамзат баласының басына төнген бәлекеттің алдын алатына сенімді. Алайда профессордың пікіріне иланушылар тым аз. Жергілікті тарихшы Қайрат Анарбаев та пирамида болғанынан сене алар емес.
Қайрат АНАРБАЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ОҚМПУ РУХАНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ондай қорымдар болған, сақ қорғандары бар, үйсін қорғандары бар, басқа да ақыртас пирамидасы дейміз. Оны халық біледі. Әлем біледі. Ал енді Қазығұрттың басында пирамида болған дегенді өз басым қазірге дейінгі қолға түскен деректерде мен оқып білген жоқпын.
Есесіне тұрғызылған пирамидаларға шүйлігушілер көп. Жергілікті атқамінерлер профессордың әрекеті заңсыз екенін жеткізді.
Сәбит ӘЛСЕЙІТОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Ешқандай жер де алмай, рұқсат та алмай өз бетінше барып иеленіп отыр. Бұл өз бетінше жерді иелену,- дейді. Бұл бойынша 75 АЕК айыппұл салынады. Мемлекеттік сәулет басқармасы тарапынан тексеріліп, қазіргі уақытта сотқа берілді.
Шенділер келер аптада бұл іс сотта қаралатынын мәлімдеді. Алайда институт директоры тағы бір пирамиданы тұрғызуға асығуда. Тіпті қаражат та жинап қойған. Айтуынша оған 10-қыркүйекке дейін уақыт берілген.
А. Төребекқызы