Елордалық үлескерлер тағы да шу көтерді. Бұл жолғы дау-дамай құрылысы, аяқталмаған кешеннен емес, пайдалануға берілген үйден шықты. Әбден жыр болған "Столичный-2" баспанасының салымшылары өздеріне тиесілі пәтерге кіре алмай отыр. Құжат рәсімдеуде кедергілерге тап болған. Тараптарды тыңдап қайтқан әріптесім Айя Мүтәлі тақырыпты тарқатады.
Айя Мүтәлі, ТІЛШІ:
Біз дәл қазір Елордадағы құрылысы 8 жылға созылып, жыр болған «Столичный-2» тұрғын кешенінің маңында тұрмыз. Мұнда жиналған үлескерлер тұрғын үй толығымен пайдалануға берілгенімен, баспана кілті бәрімізге бірдей бұйырмады дейді.
Дау-дамай салымшылар мен кооператив арасындағы келіспеушіліктен туып отыр. Көпқабатты үйдің құжаттарын рәсімдеуді мойнына алған «Феникс» кооперативі үлескерлерден 254 мың теңге талап етіпті. Соны төлейсіңдер де, үйге кіресіңдер деген көрінеді. Алайда, үлескерлердің бірі мұндай сомманың нақты қайда жұмсалатынын білмейінше, көк тиын аудармаймыз десе, енді бірі болашақ көршілерінің де ақша төлеуін күтіп жүр.
Әсел МҮСІРАЛИЕВА, САЛЫМШЫ:
Бұл жерде бәрі бар. Біреуде 8 квадрат. Біреуде 300. 54 квадрат. Неге бәріміз бірдей 254 мың төлеуіміз керек? Бәрін сотпен талап етуге мәжбүрміз.
Жандос ТҰЯҚОВ, САЛЫМШЫЛАРДЫҢ ЗАҢГЕРІ:
Біз айтып тұрған жоқпыз мүлдем төлемейміз деп. Біз көрейік. Оның бағасын көрейік. Біздің ойымызша қазір бұның қалай қабылданғаны, мұндай шешімге қалай келгені белгісіз.
Кооператив төрайымы болса, бұл қаржы қалай да есепшотқа аударылуы тиіс дейді. Себебі, салымшыларды сан соқтырып кеткен мердігердің аяқсыз қалдырған жұмысын қайта жандандыру оңайға соқпағанын айтады.
Жанар ДҮЙСЕНОВА, ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Бізде бұл үйді соттағанда бізде бірде-дір қағаз болмады. Проектно сметная документация, техническое обследование, финансово аудит дейді. Топографическая съемка, геология осы барлық құжаттарды біз екі жылдың ішінде өзіміздің ақшамызға ай сайын қосылып төледік.
Екі топтың арасындағы тартысқа әкімдік те, құрылыс компаниясы да араласа алмайды. Себебі, талап сондай. Олардың бар міндеті барлық жұмыстарды аяқтап, қолданысқа беру. Алайда, мәселенің ушыққанын көрген, құрылыс компаниясының директоры тараптарды ымыраға келтіру туралы шешім шығарды.
Талғат МАЛЫБАЕВ, «ЕЛОРДА-ҚҰРЫЛЫС» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Тұрғын үй коопертивінің өз талаптары бар. Олар оны іске асыруға толықтай құқылы. Жақын арада ортақ жиналыс өткізіп, әрбір үлескердің мәселесін жеке қарайтын боламыз. Бұл біздің бақылауымызда болады.
Сонымен қатар, кооператив төрайымы осы жиында кеткен шығындар туралы есеп беруге уәде етті. Бірақ, ол жиналыстың өтетін күні әлі белгіленген жоқ. Дау әлі жалғасуда. Әркімнің өз ақиқаты бар.
А. Мүтәлі