$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жыл басынан бері тілсіз жаудан 800 адам құтқарылған

AstanaTV
26.08.2020ж. 20:00
2963
Жыл басынан бері тілсіз жаудан 800 адам құтқарылған

Тілсіз жау, тауда адасқан жолаушы, суға батқан адам. Мұндай төтенше жағдайдан сақтанған Жан жоқ. Кез-келгеніміз ондай жағдайға тап болуымыз мүмкін. Әдетте, жанымыз қысылғанда құтқарушыларды еске аламыз. Ал, олар апаттың барлық түріне дайын болуы керек. Бүгін елорда маңында оқу-жаттығу жиыны өтті. Олар, төтенше жағдайға қаншалықты дайын? Әріптесім Ғалымжан Өтемісов өз көзімен көріп қайтты.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
 
Бұл Ми-8 АМТ деп аталатын тікұшақ. Мұндай тікұшақтар кең аумақты алқап қызыл жалынға оранғанда, немесе қиын жағдайға тап болған адамдарды құтқару үшін жұмылдырылады. Төтенше жағдай комитеті өкілдерінің айтуынша, МИ-8 3 мың литр суды алып жүре алады. Қазақстанда мұндай 27 тікұшақ бар екен.

Жаз аяқталып, күз мезігілі басталуға жақын. Демек жасыл желек құрғап, өрттің күшейетін мезгілі. Оқыс жағдайға сақадай-сай тұру үшін құтқару бөлімшелерінің күштері де жаттығуды күшейтіпті.  

Мамандардың айтуынша, жаттығу төрт бөлімнен тұрады. Алдымен құтқарушылар тікұшақ көмегімен жасанды өртті сөндірді. Кейіннен жоғалған азаматтарды іздеп, суға батқан адамды құтқаруға көшті. Бұл жұмыстарға арнайы кинологтар да тартылған.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Тінтуір иттер тек есірткі іздеумен ғана емес, адамдарды құтқаруға да жұмылдырылады. Кинолог мамандар үйінді астында қалған және адасып кеткен адамдарды іздеуде мұндай иттердің көмегі орасан деп отыр. Ал оларды дайындау үшін шамамен бір жыл уақыт қажет.

Айта кетейік, ұшу экипаждары мен құтқарушылар тікұшақтан парашютсіз десанттаудың әртүрлі әдістерін қолданады. Мамандар мұндай әдіс таулы жерлерде зардап шеккендерді іздеу кезінде кең қолданылатынын жеткізді.

Еркен ЖҰМАҒАЛИЕВ, «ҚАЗАВИАҚҰТҚАРУ» АҚ ҰШУ ҚЫЗМЕТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Елдің барлық өңірінде техникалар жеткілікті. Тек таулы аймақта жұмыс істеу қиын, ол жақта байланыс ұстамайды. Жаттығу кезінде барлығы жоспарлы түрде жасалады.


Төтенше жағдайдың алдын алуға арналған оқу-жаттығулар ай сайын жүргізіледі. Мамандар ел аумағында оқыс оқиғалар күнде болады деп отыр. Олардың дерегінше, соңғы бірнеше айда тілсіз жаудан жапа шеккендер саны едәуір артқан.

Ғ.Өтемісов