Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Мектеп оқушылары қандай мамандық таңдап жүр? Қарағанды облысында арнайы орталық ашылды

AstanaTV
26.08.2020ж. 20:00
2289
Мектеп оқушылары қандай мамандық таңдап жүр? Қарағанды облысында арнайы орталық ашылды

Адам баласының ең маңызды таңдауының бірі - ол мамандық таңдау. Әсіресе мектеп оқушылары көп қиналады. Жастарға бағыт-бағдар беріп жол сілтейтін орталықтар елімізде жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қарағанды облысында арнайы орталықтар ашыла бастады. Сәтпаев шаһарында, өзін сәтті көрсеткен пилоттық жоба өңірдегі өзге мектептерде қолданыла бастайды. Бұл тың бастама, мұғалімдердің тамыз конференциясында айтылды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жаңа жоба кемелді келешек үшін қолға алынып отыр.

Жазғы демалыста күш қуат жинаған ұстаздар қауымы жаңа оқу жылына тың серпінмен кіріскелі отыр. Тамыз конференциясы аймақтағы барлық жетекші мұғалімдер мен ата-аналардың және ардагерлер мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басын қосты. Бірақ осы жолғы конференцияның өзгешелігі бар. Жиын онлайн форматта жүрді. Әлемге жайылған қытайлық індет осыған итермеледі. Пандемия көп мұғалімнің көңіліне күдік ұялатты. Жаңа оқу маусымы қалай басталады? Толғаныс бар екенін білікті ұстаздар да жасырмайды. Онлайн жиында олар өздерінің  ой –пікірлерімен  бөлісіп, жобаларын  жария етті. Тоқ етері, биыл  аудан мен қала мектептерінде мансап құру орталықтары ашылады. Орталықта оқушылар тиісті мамандардан тәлім алып, мамандық таңдауға бағыт-бағдар алады. Шәкірттерді кен байыту кәсіпорынының өкілдері мен кәсіпкерлер палатасы оқытады.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біздің меже оқушыларды саналы тұрғыдан өз мамандықтарын таңдауға бағыттау, жетелеу, психологиялық тұрғыдан  дайындау. Бұл қоғамға тек  емес, жас буынның өзіне де қажет. Тек осылай ғана ол келешекте қызмет ететін салада өзінің біліктілігін таныта алмақ.

Қарағанды облысындағы 500 мектептің дені биылғы оқу маусымын онлайн жұмыспен бастайды. Ұстаздар оған әрине дайын. Сөздеріне қарағанда, виртуалды  жұмыс техникалық тұрғыдан қолайлы. Бірақ ол, шынайы қарым-қатынасқа жетпейді. Мұғалімдер де кәдімгі сабақты сағынды.

Жәмила  ИБАДЕЛДАЕВА, «МҰРАГЕР» МЕКТЕБІНІҢ ҰСТАЗЫ:

Пандемияның аяқталуын күтудеміз. Жақын арада бәрі өз қалпына келеді деп  үміттенеміз. Оқушымен онлайн  немесе офлайн байланыста болу бір басқа. Ал, оларды көзбен көріп ,оның эмоциясын, прогресс немесе регресс өзгерістерін байқау мүлдем басқа ғой.

Қарағанды облысында 200-ден астам ауыл мектебі бар. Олардың көбінде интернет байланысы нашар. Яғни, ол елді мекендерде сабақ әдетті түрде өтеді. Дегенмен талап күшті. Оқу барысында санитарлық талаптар толық сақталуы тиіс. Ал, қашықтан оқуға бейімделген мектептерде кезекші сыныптар ашылады. Он бес оқушыға дейін. Әр шәкірт денсаулығы жіті бақылауға алынады.

Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Оқушыларды кезекші медбике қарсы алып, қызуын тексереді. Сыныптардың есігі жан-жақта болады. Яғни, санитарлық дәрігердің талабы түгел ескеріледі. Биыл қашықтан оқу форматында бастаймыз. Егер барлығы жақсы болса, дәстүрлі оқыту түріне көшу ойда бар.

Конференцияға қатысушылар «Мықты ғылым» жобасын бірауыздан қолдады. Осы жоба аясында балабақша бүлдіршіндеріне  физика, химия және астрономия негіздері түсіндіріледі.  Ал, бастауыш сыныптар мен орта топтағы оқушыларға арналған функционалды білім жүйесі биыл күшейтіледі. Айта кетейік, аймақта жаңадан он бес мектеп салынып жатыр. 250 білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

З. Санай