Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Апатқа ұшыраған оралдық ұшқыштың ұшуға рұқсаты болмаған - БҚО ТЖД

AstanaTV
28.08.2020ж. 20:00
2276
Апатқа ұшыраған оралдық ұшқыштың ұшуға рұқсаты болмаған - БҚО ТЖД

Оралда қолдан жасалған ұшақ апатқа ұшырап, 69 жастағы ұшқыш мерт болды. Қазір полиция адам өліміне байланысты қылмыстық іс қозғады. Мамандар оның отставкадағы ұшқыш болғанын айтып отыр. Бірақ қолдан жасаған ұшағын пайдалануға рұқсат алмаған көрінеді.

Бұл кадр осыдан бір апта бұрын түсіріліпті. Осыған қанаттанған Павел Ерошенко бүгін тағы көкке көтерілген. Бірақ көп ұзамай ұшағы жерге құлап, ұшқыш жедел жәрдем қызметі жеткенше жан тапсырды.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Мамандардың дерегінше, әуе апаты бүгін таңертеңгі 8.30 шамасында болған. Сау-тамтығы қалмаған шағын ұшақтың бөлшектері әр жерде бір шашылып жатыр. Ал ұшқыштың денесі сот-дәрігерлік сараптамаға жасатуға әкетіліпті. Апаттың нақты себебі осыдан кейін белгілі болады.

Достары марқұмның кәсіби ұшқыш болғанын айтады. Зейнетке шыққан соң, қала шетінен жер алып, шағын гаражда өзінің ұшағын құрастырған. Бұл іске ол он жыл уақытын сарп етті, дейді досы.   

Раниль САЙФУЛЛИН, МАРҚҰМНЫҢ ДОСЫ:

Өткен аптада маған хабарласып, ұшағыммен көкке көтерілдім деп сүйінші сұрады. Көптен күткен арманының орындалғанына біз де қатты қуандық.  Немерелерін ұшағына мінгізіп, көк кеңістігінде қалықтауды армандайтын. Осы ұшақты зейнетақысынан жырымдап, әр бұрандасын өз қолымен жинап құрастырған еді.

Людмила МАРҚҰМНЫҢ, ЖҰБАЙЫ:

Ол - өте тәжірибелі ұшқыш. Солтүстік флотта әскери борышып өтеді. Түрлі әскери тапсырмаларды орындап, құтқару операцияларына қатысқан. Ұшқыш болуды бала кезінен армандаған еді. Тіпті жазған шығармаларының бәрі де аспан туралы еді.

Жақындарының айтуынша Павел Ерошенко - 3 мың сағатын көкте өткізген. Достары оның таланттын айтып тауыса алар емес. Өлең шығарып, ән де жазған. Тіпті өмір жолы туралы кітабын да жарыққа шығарыпты. Ал құлаған ұшағын "Арман" деп атағысы келген екен.Бірақ құжаттарын рәсімдеп үлгермепті.

Ақылбек АХМЕТЖАНОВ, БҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ұшақты өзі жасаған болғандықтан, оның ешқандай нөмірі, басқа да ешқандай белгісі жоқ. Сондықтан рұқсаты болмаған. Біздің ұшуға рұқсат беретін құзіретті органдардан ешқандай ақпарат та болмаған.

Қазір полиция адам өлімі дерегімен қылмыстық іс қозғады. Өйткені төтеншеліктердің дерегінше, қолдан құрастырылған ұшақтың жақын маңдағы тұрғын үйлерге құлауы да мүмкін еді.

Е. Карин