Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Құрбыларын тақырға отырғызған алаяқ әйел жарты жылдан бері табылмай жүр

AstanaTV
28.08.2020ж. 20:00
3152
Құрбыларын тақырға отырғызған алаяқ әйел жарты жылдан бері табылмай жүр

Естімеген елде көп. Елордалық әйел екі құрбысын тақырға отырғызып, ізін суытқан. Қомақты қаржыға кенелем деп, қалтасы қағылған жандар редакциямызға жүгінді. Айтуынша, бірге істеген әріптесі қайтымсыз несие рәсімдеп берем деп уәде еткен. Алайда айласын іске асырып, құрбыларынан 2,5 миллион теңге алып, қашып кетіпті. Тақырыпты толығырақ тілшіміз жалғастырсын.

Иә, қулықтың құрбанына айналған Ақтолқын Ергешова мен Зульфия Оңғарова тергеушілердің табалдырығын тоздырып жүргеніне жарты жылдан асқан. Күдікті әйел бірден ұсталып, ақшаны қайтаруға уақыт сұраған. Тергеушілер сенім артып, жәбірленушілерден арызды қайтарып алуды өтінген. Алайда алаяқ ізін суытып үлгерген. Ал құқыққорғаушылар оны табамыз деп, жүргелі жарты жылдан асты, дейді алданғандар.  

Ақтолқын ЕРГЕШОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Прокуратураға хат жолдадық, ДВД-ға жаздық. Олар бізге хат жолдағандарын айтты. Бірақ ешқандай жауап та, хат та келмеді.


Күдікті істің шикілігі көп. Алаяқтың серігі бар болуы мүмкін. Осылай деген жәбірленушілер іске тағы бір адамның қатысы барынан күдіктенеді. Айтуларынша, құжаттарды рәсімдеуге жұмсалатын қаржыны басқа әйелдің есеп-шотына жіберілген. Тіпті оны қаржы орталығының менеджері деп сендіріпті. Ал алаяқ «менеджер» деп таныстырған әйел де, алданып қалғанын жеткізді.    

Айгүл ИСАЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ақшаны менің келінімнің каспийіне салған ғой. Соған жаңағы екі қыз біздің қатысымыз бар деп ойлап жатыр. Ал бірақ біздің қатысымыз жоқ.

Ал, жәбірленушілер Айгүл Исаеваға сенбейді. Себебі, тергеу кезінде ол да күдіктіні қорғап, қаражатты қайтармақ болған екен. Жарты жыл бойы әділдік іздеп шарқ ұрған аналар бұл істе былық көп деп сезіктенеді.

Зульфия ОҢҒАРОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Айгүл Исаева 16-на дейін ақша әкеліп беремін деп расписка жазып берді. Бірақ егер оның қатысы болмаса, неге бізге ақшаны қайтарам дейді, соны түсінбеймін. Жемеген тамағына ешкім төлемейді ғой.

Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін жергілікті полиция департаментімен тілдеспек болдық. Алайда екі күн бойы құзырлы орган мамандары жарытып жауап бермеді. Ал іске жауапты тергеушінің бар айтқаны мынау:

Жантөре ДОСЫМБЕК, НҰР-СҰЛТАН қ. АЛМАТЫ АУДАНДЫҚ ІШКІ ІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТЕРГЕУШІСІ:

- Ассаламуғалейкум Жантөре, «Астана» телеарнасының тілшісімін ғой, кеше хабарласамын деп жоқ болып кеттіңіз...
-  Ғалеке мен қазір прокуратурадамын. Шыққан соң хабарласамын!
-  Екі күн болды ғой күтіп жүргеніме. Қашан жауап бересіздер?
-  Жоқ мен өзім звондайм сізге.


Тергеушіден хабар күттік. Ешқандай жауап келмеді. Алдағы бірнеше күнде мәселеге қатысты ақпараттарды жібереді деп сенейік. Ал әзірге құрбысының қақпанына түскен жалғызбасты аналардың күтуден басқа амалы жоқ.

Ғ.Өтемісов