$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылордада балалар санаториясының қызметкерлері облыс әкіміне баса-көктеп барды

AstanaTV
01.09.2020ж. 20:00
2247
Қызылордада балалар санаториясының қызметкерлері облыс әкіміне баса-көктеп барды

Қызылордағы балалар мен жасөспірімдерге арналған туберкулезге қарсы санаторияның 100-ге жуық  қызметкері жұмыссыз қалды. Өйткені шипажай тубдиспансерге қосылмақ. Бұл жаңалық айлықтарын төрт айдан бері даулап жүргендерге - "жығылғанға жұдырық" боп тиді. Олар жағдайды түсіндіруін талап етіп, облыс әкімдігіне баса-көктеп барды.

Көкейлерінде күдік пен үміт қатар ұялағандар облыс әкімін талап етті. Айтуларынша мамыр айынан бері жалақыларын алмаған. Енді міне, мекеменің түбегейлі жабылатындығын естіп, сергелдеңге түскен.    

Ғалымбек ЖАҢАБАЕВ, ЖҰМЫСШЫ:
 
Үйде жалғыз өзім жұмыс істейтін мен, менің жұмысым 4 ай айлық берген жоқ. Енді жұмыстан босатылып жатыр дейді. Бұл менің басымдағы ғана мәселе. Ал мына жақтағы кісілердің әрқайсысында әртүрлі. Біреуінде үй жоқ, біреуі квартирада тұрады. Кредиттерімізді тоқтатып тұр.

Айжан СМАЙЫЛОВА, ТӘРБИЕШІ:

Қанша бала-шағамыз бар осы жұмысымызға сеніп, қанша адам кредит алды. Әр адамның басында жүз мыңнан кредит бар. Қалай төлейміз біз? Біздің жан айқайымызды тыңдаса екен жоғарыдағылар.


Көп уақыт өтпей қақпадағы қара құлып та алынды. Жиналғандардың уәжін облыс әкімі емес, оның орынбасары тыңдады.   

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы болса, балалар шипажайының жабылатынын растады. Бұл министрлікпен келісіле отырып қабылданған шешім екендігін жеткізді. Дейтұрғанмен ешкім жұмыссыз қалмайды деді.  

Сәбит ПАЗЫЛОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Тубдеспансердің құрамына қосып, сол жаққа береміз. Жалпы бұл санаторияның медициналық қызметтерін қалада орналасқан басқа емханалар мен ауруханаларға жолдама беріп сол жақта жұмыс жасайтын болады.
 
Сонымен қатар тәрбиешілер білім басқармасы арқылы жұмысқа орналастырылатын болды. Ал шаруашылық қызметкерлерінің мәселесі белгісіз.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Айта кетейін, аталған шипажай өңірде 1950-ші жылы ашылған. Соңғы рет биыл маусым айында 69 баланы оңалтып, үйлеріне босатқан. Мұнан соң карантинге байланысты емделуге ешкім келмепті. Ал, қызметкерлері келушілер болмаса да жұмыс істедік деп отыр.  

Жүзге жуық қызметкерге шенділер шамамен 30 млн теңге жалақы берешек. Қордаланған бұл қарызды, жергілікті атқамінерлер бір айдың көлемінде бюджет есебінен өтейміз деп уәде етті.

М. Тоқтасынқызы