Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қызылжар өңірінде болашағы бұлыңғыр 103 ауыл бар

AstanaTV
02.09.2020ж. 20:00
2972
Қызылжар өңірінде болашағы бұлыңғыр 103 ауыл бар

Карантиннің салқыны Қызылжардағы ауыл-аймақ тұрғындарына да тиіп жатыр. Әсіресе, "Болашағы жоқ" деген және халқы аз елді-мекендерде күн көріс қияндап кеткен. Солтүстік өңірде осы күнде, "Келешегі бұлыңғыр" болып саналатын жүзден астам ауыл бар. Су мен азық-түлік азабын тартып отырған ауылдардың ахуалы жайлы аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Виктор Ясельскийдің "Николаев" ауылында тұрып жатқанынан жарты ғасырдан асты. Суы нәрлі, шөбі шүйгін, топырағы шұрайлы елді мекен 50 жыл бұрын гүлдеп тұрған. Ауыл содан бері тоқыраудың бірнешеуін бастан өткерді. Мектебі жабылып, халқы жан-жаққа көшіп кеткен. Дегенмен ауылда тіршілік бар. 14 адам ғана қалған ауылда жұмыс күші жетпейді.

Виктор ЯСЕЛЬСКИЙ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мұндағы тұрғындардың дені – зейнеткерлер. Аздап мал ұстаймын. Азық-түлікпен қамдану үшін көрші ауылға барып отырамыз. Суды тасып ішеміз. Үлкен ауылға көшер едім. Бірақ ондағы үйлердің құны бір миллион теңгеден асады. Оған ақшам жетпейді. Сондықтан осында тұруға мәжбүрмін.

Бұл, "Николаев" ауылының ғана күй емес. Солтүстікте әр алтыншы ауыл осы халде. Бұл жағдайдан жергілікті билік хабардар.

Жанар АХМИЕВА, СҚО ЭКОНОМИКА БАСҚАРМАСЫ АУЫЛДЫҚ АУМАҚТЫ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің облыста 635 ауыл бар. Оның ішіндегі 307 ауылдың әлеуеті зор деп саналса, 103 елді-мекенде халық саны елу адамнан аз. Болашағы жоқ ауылдардан жұртты көшіре алмаймыз. Заң жоқ. Сондықтан біз сенаторларға хат жіберіп, бұл тұрғындарды Еңбек мемлекеттік бағдарламасына енгізуді ұсындық.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Бірақ бұл ұсыныс тура бір жыл бұрын жасалған екен. Сенаторлар аталған маңызды мәселеге қатысты әлі күнге дейін жауап қатқан жоқ. Айта кету керек, ауылдардың дамуы проблемасы Президенттің кешегі жолдауында да қозғалған болатын. Елді-мекендердің ішіндегі түйткілді мәселелер «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында шешіледі, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

А. Құрманкин