Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Баласы мүгедек болып қалған ана дәрігерлерді айыптады

AstanaTV
25.09.2017ж. 20:00
4172
Баласы мүгедек болып қалған ана дәрігерлерді айыптады

«Сау баламды сал қылды». Тараздық жас ана осылай деп БАҚ құралдарына базынасын айтты. Айтуынша, дәрігер дұрыс емдемегеннен екі жастағы баласы мүгедек боп қалған. Өздігінен жүруі былай тұрсын, еш еңбектей алмайды. Ас ішкізудің өзі азап дейді. Жамбылдағы жұқпалы ауруханасының дәрігерлері балаға қандай диагноз қойған? Істің ақ-қарасын Данияр Әлімқұл анықтап көрді.

Анасы Арман Сырлыбекті былтыр 16-шы сәуірде Жамбылдағы жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдеммен жеткізеді. Дәрігерлер «жедел ішек инфекциясы» деген диагноз қояды. Сондықтан сырқатына сай егу жұмыстарын жүргізеді. Алайда, бала сауығып кетудің орнына сал боп қалады. Ал Астанағы «Ана мен бала» орталығындағылар менингит екенін мәлімдеген. Енді жас ана «жамбылдық дәрігерлер бастапқыда диагнозды дәл қоймады» деп ақ халаттыларды айыптап отыр.

Сымбат Спандиярова, Тараз қаласының тұрғыны:

Шыққанда мүгедек боп шықтық. Басын ұстай алмайды, отыра алмайды. Балам шыңғыра береді, күндіз-түні жылайды. Астанада да айтты: «Балаңның миы 95 пайыз жұмыс істемейді. Ми жасушалары өліп қалған. Өмір-бақи мүгедек боп өтеді.  Псих боп өтеді», - деді. Қазір біздің ішіп жатқан дәріміз психотропты дәрі. «Клам Назипан» деген. Міне, соны ішсе ұйықтайды, оны ішпесе, ұйықтамайды. Жұтуы-шайнауы қиын, суды шприцпен ішеді.

Аурухана бас дәрігерінің алдына барған анасы ұлын аяғынан тұрғызып беруді айтып, шу шығарды. "Біліксіз дәрігердің қолдап істегенінен қор боп қалдық" дегенін мекеме басшысы жоққа шығарды. Тіпті, ауырып ажал аузында жатқан баланы тірі алып қалдық деп отыр.

Дәрігер: Өте қатаң жағдайда ауруханаға түскен. Екі апта бойы жансақтау бөлімінде жатты. 23 күн жатып, емделіп, баланы біз тірі алып қалыппыз.

Анасы: Выпискаларыңызды өзгерткенсіздер, сіздердікі басқа, ана жаққа апарғандарыңыз басқа. Мұның өзі сіздердің кінәларыңызды білдіртеді. 

Дәрігер: Мұның бәрі дұрыс, бәрі выпискада берілген. Кінәні мойындамаймын.

Анасының қолында қазір Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті департаментінің тексеру қорытындысы бар. Міне, мұнда Арман ауруханаға түскеннен 4 күн өткенде басқа диагноз қойылғаны жазылған. Ол «менингоэнцефалит», яғни ми ісігі.  Ал, оған дейін палата мен жансақтау бөлімі арасында 3 рет ауыстырылғаны, уақытты өткізіп алғаны әрі ем жүргізу дұрыс бағытта болмағаны көрсетілген. Алайда, аурухана басшылары "бізден салғырттық болған жоқ" деп отыр. 

Елена Пак,  Жамбыл облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Біз бұл жерде бактериалды емес, вирусты инфекция болған деп санаймыз. Нақтылап айтқанда, өте ауыр энтровирустық инфекция. Дәрігер қателігін тексерген Тұрымова ол қорытынды да өзінің көзқарасын айтқан. Қазір сот медициналық сараптамасы тағайындалды. Соның қорытындысын күтеміз және екінші дәрігердің қатысуымен тексеріс тағы болады. Мұндай аурулар балалардың жүйке жүйесін ауыр зақымдап, соңы мүгедектікпен аяқталады. Мен бұл істе дәрігер салғырттығы жоқ деп санаймын.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Арманның шындық іздеп шыр-пыр болған анасы кінәлілер жалғыз ұлын аяғынан тұрғызып бермесе, "талай табалдырықты тоздыдырам" деп отыр. Ашынған ана, дәрігерлер диагнозы дұрыс еместігін дәлелдеу үшін, сотқа арызданды. Тексеру қорытындысы да Ішкі істер департаментіне жолданған.

 Данияр ӘЛІМҚҰЛ