Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қашықтықтан оқуға бөлінген миллиардттар қайда жұмсалды?

AstanaTV
09.09.2020ж. 20:00
2942
Қашықтықтан оқуға бөлінген миллиардттар қайда жұмсалды?

Қашықтықтан оқуға бөлінген миллиардтар қайда кетті? Төменгі палата депутаттары бүгін, Білім және Ғылым министрлігінен есеп беруді талап етті. Мәжілісте келтірілген деректерге сенсек, мектептерді техникалық құралдармен қамтуға бөлінген ақша игерілмей қалыпты. Сөйте тұра министрлік қазынадан тағы қыруар қаржы сұраған. "Бұл ақылға сыймайды", деді мәжіліс депутаттары. Жаңа оқу жылында бас ауруына айналған онлайн сабақ туралы Айя Мүтәлінің репортажы.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:


Мектеп оқушысы, ата-ана одан қалды бүкіл қоғам қытығына тиген "қашықтан оқу" әдісі Мәжіліс депутаттарының да ашу-ызасын тудырған сияқты. Төменгі палата депутаттарының айтуынша, онлайн оқуға министрлік мүлдем дайын болмаған.


Қашықтан сабақ қарауды ақсатқан әрине интернет. Ғаламтор тақырыбы елдің кез-келген өңірінде "күйіп" тұр. «Nur Otan» фракциясының мүшесі, депутат Жәмиля Нұрманбетованың айтуынша,  елде 900-ге жуық ауыл әлі күнге интернетке қосылмапты. Осының салдарынан 55 мың бала оқу бағдарламасынан қалып отыр. Бұл бір! Екінші мәселе жалпы мектеп оқушыларының 30 пайызы заманауи техникамен қамтылмаған.

Жәмиля НҰРМАНБЕТОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Көпбалалы отбасылардың балалары бір смартфонға таласып, сабақ оқып жүр. Осыдан кейін сапалы білім болады дегенге кім сенеді?


Компьютер мен ғаламтор бер жағы. Білім және Ғылым министрлігі ресми рұқсат берген платформалардың өзі дүйім жұртты жерге қаратты. Zoom арқылы тараған порнофильмдер әлеуметтік желіні кеше ғана шулатқан еді. Бұл, қауіпсіздік шараларының тиісті деңгейде сақталмағанын көрсетеді. Ол аздай осы онлайн сабақ кезінде мектеп оқушыларына түрлі қоқан-лоқы көрсететіндер де көбейген. Депутат Ирина Смирнова бүгін, дәстүрлі оқуды қайтару керек деген талап қойды.

Ирина СМИРНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұдан да ауыр кезеңдер болды. Жаман індет тарасын, соғыс болсын ешқашан мектеп жабылмаған.

Ал, Дәния Еспаева болса, Білім және Ғылым министрлігінің миллиардттарды қайда жұмсағанын білгісі келді. Депутаттың айтуынша, ведомства бөлінген қаражатты толықтай игермей жатып тағы ақша сұрапты. "Бұл ақылға қонымсыз", дейді Мәжілісвумен.

Дәния ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Министрлік Дүниежүзілік банктен 67,5 млрд теңге қарыз алған. Ол ақшаға 5 мың мектепті мультимедиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуі тиіс еді. Ауыл мектептерінің бәрін жарылқаймыз деген. Алайда ,қолда бар мәліметке сәйкес, осы жобаның бірде-бір бағыты бойынша конкурс жарияланбапты.

Білім және Ғылым министрлігі болса, әрине өзіне шаң жуытпады. "Проблемалар бар. Бірақ оны ретімен түзеп жатырмыз" деп құтылды. Ал, Дүниежүзілік банктен алынған қарызға келгенде шенеуніктердің жауабы дайын екен.

Шолпан КАРИНОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы, ауылға арналған компьютерлерді сатып алу мәселесі 2021 жылға жоспарланған. Яғни, қаражат тек келесі жылы игеріледі.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Бір сөзбен айтқанда, "қашықтан оқу" әлі талай уақыт басымызды қатыратын сияқты. Интернет жоқ. Техникалық құралдар жетпеген. Білім беретін платформалар мәселесі де сол күйлі шешілмеді.

А. Мүтәлі