Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Әлемде азық-түлік дағдарысы басталуы мүмкін

AstanaTV
10.09.2020ж. 20:00
5708
Әлемде азық-түлік дағдарысы басталуы мүмкін

Әлемде азық-түлік дағдарысы басталуы мүмкін. Халықаралық сарапшылардың болжамы осындай. Айтса айтқандай. Халқы көп Қытай мен Бразилияда тоқырау- осы күннің өзінде байқалады. Тамақ бағамы бұл елдерде шарықтап кеткен. Көптеген дамушы елдерде де жағдай мәз емес.

Рионың азық-түлік нарығы тұралап қалғалы қашан?! Бірақ ол дағдарыс тамақтың аздығынан туған жоқ. Дүкен сөрелері толып тұр. Тұтынушы қарасы азайған. Өйткені, пандемия салдарынан елдің көбі жұмыссыз. Сәйкесінше қара халық ақшадан қағылған. Кезіндегі қолжетімді тауарлар осы күнде өтпей жатыр.

Моника ФРАНСИЯ, РИО ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жағдай ауыр. Жалақымыз тиын болып қалды. Жанар майдан бастап азық-түлікке дейін қымбаттап кетті.

Қытайдан шыққан індет бүкіл әлім нарығын әлсіретті. Пандемия салдарынан сауда-саттық тоқтап қалды. Халықта ақша жоқ. Ал, кәсіпкерлер табысынан қағылды. Бұл аздай табиғат ана да қаһарын төкті. Кейбір елдерді су басса енді бірінде қуаңшылық.

Джулия ПАССАБОМ АРАУЖО, ЭКОНОМИСТ:
 
Ұлттық валютамыз Реал құлдырап кетті. Ал, шикізат пен азық-түлік өнімі өсіп кетті. Біз жыл басынан бері осыны байқап отырмыз. Үшінші және төртінші тоқсанда жағдай тіпті қиындауы мүмкін. Өйткені, баға тым жылдам өсіп жатыр.

Бразилиялық тоқыраудың қызығы сол, нарықта тауар жеткілікті бірақ оған сұраныс жоқ. Рионың өзінде баға соңғы уақытта 10 пайызға көтеріліпті. Кәсіпкерлердің айтуынша, тауардың уақытылы жетпеуі қымбатшылық тудырған. Ал, фермерлер болса, "Барымызды сата алмай қалдық", деп отыр. Бұл аксиомадан ірі кәсіпорындар да қарапайым тұтынушы да жапа шекті. Тығырықтан шығудың бірден-бір жолын АҚШ ұсынды. Олар, Оңтүстік-Азия мемлекеттері қауымдастығына қаржылай көмек көрсетпек.

Майк ПОМПЕО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Оңтүстік-Азия мемлекеттері қауымдастығына қол үшін беру мақсатында АҚШ қосымша ресурстар бөлді. Ол пандемиямен күреске арналған. Мемлекеттік департамент бөлетін 1,5 млн доллар АСЕАН елдерінің бәсекелестігін арттырады деп сенеміз.


Бір жарым млн доллар азық-түлік нарығын қалай қалпына келтіреді? Мұны, Майк Помпео ашып айтпады. Ал, сарапшылар болса, "Тоқырау есігімізді қағып тұр" деп байбалам салуда. Қытай билігі айтпақшы жақында ғана өз халқына үндеу жасады. "Азық-түлікті ысырап қылмай, үнемдеуге көшіңдер", деген өтініші тастады. Бұл, сөз Бразилияны да ойландырған сияқты. Ресми Бразилия жақында соя өнімдерінің экспортын екі есеге жуық қысқартты. Шамасы, "Ертең өзімізге де керек", деген болар.

Д. Мұхаммедкәрім