$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Маңғыстауда «Бекет-2020» әскери оқу-жаттығу жиындары өтті

AstanaTV
11.09.2020ж. 20:00
3217
Маңғыстауда «Бекет-2020» әскери оқу-жаттығу жиындары өтті

Маңғыстау облысында «Бекет-2020» әскери оқу-жаттығу жиындары өтті. Шара барысында теңіздегі шекара бұзғандарды құрықтау әдістері пысықталды. Жаттығуға Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев арнайы қатысып, әскерилердің дайындығын тексерді. Одан бөлек теңіз жаяу әскерлері мен арнайы жасақ бірігіп, теңіз бен жағалаудағы маңызды нысандарды жаудан қорғаудың тактикалық амалдарын көрсетті. Қарулы күштердің әскери дайындығы жайлы толығырақ келесі бейнематериалда.

«Бекет-2020» оқу-жаттығуы жиындарына, басқа мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері де тартылды. Әскери қызметшілер армиялық тактикалық атыс жаттығуларын орындау барысында суық қаруды, яғни пышақ пен сапер күректі қолдана отырып, қарсыласты жеңудің әдіс-тәсілдерін жүзеге асырды.

Мұндай іс-қимыл жауынгерлерден тек кәсіби дағдыларды ғана емес, жеке құраммен тұрақты негізде өткізілетін арнайы психологиялық дайындықты да талап етеді. Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасышы Сәкен Бекжанов ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мұндай шаралардың маңызы жоғары деп отыр.
 
Сәкен БЕКЖАНОВ, ҚР ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ ӘСКЕРИ-ТЕҢІЗ КҮШТЕРІНІҢ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:

Бұл оқу-жаттығулар жыл сайын өтеді. Өткен жылы Ресей Федерациясының Каспий флотымен бірлесіп өткіздік. Биыл өкінішке қарай пандемияға байланысты олар бұл жаттығуға қатыса алмады, сондықтан өзіміздің әскерилер ғана қатысты. Жиынға Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің Жағалау күзетінің корабльдері де тартылды. Әскерилердің даярлығы жыл сайын артып келеді.

Ауқымды оқу-жаттығу барысында бұдан бөлек,  әскери бөлімшелер маңызды нысан аумағындағы қарулы қақтығысты шешу бойынша тактикалық атыс қимылдарын орындады. Аймақты көктен және су астынан барлау, сондай-ақ, жасырын имитацияланған кемелерді жаңа технологиялар арқылы анықтау жүзеге асырылды.

Оқу-жаттығудың белсенді кезеңдерін Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов қадағалады. Олар жауынгерлердің кәсібилігін, Қарулы Күштер бөлімшелері іс-қимылдарының үйлесімділігін жоғары бағалады.

Ғ.Өтемісов