Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинациялау басталды

AstanaTV
14.09.2020ж. 20:00
2837
Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинациялау басталды

Ертең ел аумағында маусымдық вакцинация басталады. Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзіне екпені салдырды. Бұл коронавирусқа қарсы дәрілік препарат емес. Тұмауға қарсы. Әріптесім Асылбек Даниярда, министрден қалыспай екпе жасатты. Кері әсері байқалмағанын айтады. Маусымдық вакцинаны биылғы ерекшелегі қандай? Бұл сауалға жауапты келесі бейнематериалдан табасыз.

Елдің бас дәрігері алғашқылардың бірі болып маусымдық тұмауға қарсы вакцинаны салдырды. Министр жылда эпид маусымның алдында екпе алатынын жеткізді. Дегенмен биыл жаңа Ресейлік препаратты сынап көрмекші. Айтуынша, коронавирус пен тұмаудың клиникалық белгілері бірдей. Сондықтан дәрінің көмегі болатына сенімді.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Мен тұмауға қарсы вакцинаны жыл сайын салдыруға тырысамын. Оның пайдасы: егер де ауырып қалсаң, ауру жеңіл түрде өтеді. Қазір екпе қабылдау барлық медицина қызметкеріне міндеттеліп отыр. Препаратты 6 айлық балалардан бастап салдыруға болады. Айта кететін жәйт, вакцинациялау жұмыстарын жылдағыдан екі апта бұрын бастадық.  

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Министр Алексей Цойдан кейін мен де тұмауға қарсы вакцинаны салдырамын деп шештім. Қазір егу бөлмесіне кіріп, процесті бірге бақылайық.  

Күлбан БҮРКІТБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН қ. №6 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫ ЕГУ БӨЛМЕСІНІҢ МЕДБИКЕСІ:


Бұл прививкадан кейін 1-2 күн шомылмау керек. Содан кейін прививкадан сақтанып жүру керек. Өзіміз алдық, реакция болған жоқ, температура болған жоқ. Бірақ кішігірім дене қызуы болуы мүмкін, болмауы да мүмкін.

Сандарды сөйлетсек. Өткен жылғы эпид кезеңде жедел респираторлы вирусты инфекциямен жарты миллиондай адам ауырған. Оның жиырма мыңнан астамы тұмау, 284 мыңы 14 жасқа дейінгі балалар.

Дегенмен екпеге қатысты халықтың пікірі әлі күнге екі түрлі.

БЛИЦ:

- Қазір уже болмайды ғой салдыруға.
- Неге?
- Қорқамын шынымды айтсам.
- Ал, егер коронавирусқа қарсы вакцина пайда болып жатса салдырасыз ба?
-Иә, салдырамын.

- Мен ондайға қарсы емеспін салдырар едім.  Иә, қажет болып жатса... Мемлекет не жасайды оны адамдар орындауға тырысуымыз керек.

- Жоқ, мен тұмауға вакцина салдырмаймын. Коронавирусқа болса ойланып көремін.


Дейтұрғанмен қазір Қытай індетін жұқтыру дерегі республика бойынша тұрақты. Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен бірнеше өңірде карантин жеңілдетілді. Бірақ, бұл - індеттен құтылдық дегенді білдірмейді. Ал, мына суретте Білім және ғылым министрімен тағы жүздеген адамның әлеуметтік арақашықтықты сақтамай, маскасыз тұрғанын көруге болады. Жағдайдан хабардар Айжан Есмағамбетова, шенділерде жазасыз қалмайды деді.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Аталған дерек бойынша заңды және жеке тұлғаларға әкімшілік жаза қолданамыз. Біз заңды және жеке тұлғалар деп бөліп-жармай шара қолданамыз. Мектептің ашылуына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те қатысқанын білемін.

Екпенің жайына қайта оралсақ. Республика бойынша тұмауға қарасы вакцинациялау ертең басталады. Дәрілік препарат тәуекел тобына кіретіндер үшін тегін. Ақылы салдырғысы келетіндерге бағасы 2 мың мен 4 жарым мың теңге аралығында болмақ.

А. Данияр