Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Солтүстік Қазақстанда үй құстары қырылып жатыр

AstanaTV
14.09.2020ж. 20:00
3655
Солтүстік Қазақстанда үй құстары қырылып жатыр

Солтүстік Қазақстанда үй құстары қырылып жатыр. Алайда мамандар оны көрші Ресейден шыққан құс тұмауымен байланыстырмай отыр. Десе де 700-ге жуық құстан белгісіз дерт табылған. Оның нақты не ауру екені әзірге белгісіз. Ветеринарлар зертхана қортындысын күтіп отыр. Эпизоотиялық жағдай Жайында өңірдегі тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Ресейді дүрліктірген құс тұмауы бізге жетті ме? Бұл сұрақ аймақ ветеринарларын алаңдатып отыр.

Жайсыз хабар қыркүйектің 9 мен 11 аралығында шыққан. Өңірдің үш бірдей ауданында жеті жүзге жуық үй құсы, белгісіз дертке шалдыққаны айтылды. Мал дәрігерлері көп ойланбай олардың көзін жойдыра бастады. Босқа қырылған құстар ішінде, тауық, үйрек және қаздар бар.

Берік ӘЛЖАНОВ, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ауырған және өлген құстардың белгілері ньюкасл, пастерелиоз, сальмоналиоз, колибактериоз, грипп ауруларына ұқсайды. Ол біріншіден дене температурасының жоғарлауы, диарея, жалпы жағдайының әлсіреуі, осындай белгілер бар.

Ғабит Мүсірепов, Шал Ақын және Тимирязев аудандары Ресеймен шектеспейді. Яғни, құс тұмауының бұл жаққа келуі мүмкін емес. Мамандар пікірі осы. Дегенмен, эпизоотиялық ахуал шенділерді алаңдатты. Бұл мәселеге прокурорлар да араласа бастады.

Гүлмира БОПАНОВА, СҚО ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:

Құстардың жаппай қырылуы фактісі бұқараның қауіпсіздігіне тікелей қатысты болған соң прокуратура бұл мәселені бірден бақылауға алды. Қазір біз бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес облыстағы барлық ветеринарлық мекемелерді тексеріп жатырмыз. Бұл жоспарлы тексеріс болып саналады.


Айта кету керек, бүгінде Солтүстік Қазақстанмен шекаралас жатқан Ресейдің Омбы, Қорған және Түмен облысында құс тұмауы өршіп тұр. Бір ғана Омбыда қауіпті дерт 12 мың құстан анықталған. Ал, қызылжарлық ветериналар зертхана нәтижесін күтіп отыр. Сынама қортындысы ертең дайын болуы тиіс.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Жаман аурудың азабын ірі шаруашылықтар да тартып отыр. Тұмаудың белгілері Омбы облысындағы құс фабрикасының бірінен табылып, 1,5 млн тауықтың көзі жойылды. Бұл ақпарат бізді алаңдатпай қоймайды әрине. Солтүстік Қазақстанда 6 құс фабрикасы күшейтілген сақтық шараларына көшті. Бірақ аймақта карантин әлі ресми түрде жарияланған жоқ.


А.Құрманкин