Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Карантинде зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалар саны артқан

AstanaTV
14.09.2020ж. 21:30
3642
Карантинде зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалар саны артқан

Қызылордада карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалар саны артқан. Қосағынан зәбір көрген 220 әйел дағдарыс орталығына жүгініпті. Мамандарды алаңдатып отырғаны да осы.

Раушанның екі баласын жетектеп бұл орталыққа келгеніне үш ай болған. Айтуынша, бес жыл отасқан жары екі күннің бірінде тоқпақтап, күн көрсетпейді. Ащы суға әуес отыз жастағы отағасынан зәбір көрген Раушан енді ажырасуға шешім қабылдапты. Себебі соңғы уақытта қайынжұртым да күш көрсететін болды деді.  

Раушан, «ҚАМҚОРЛЫҚ» ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балаларға тамақтарын тауып бермейді. Өзіме жұмысқа шық деп айтады. Ақша тауып бер дейді. Ішіп келіп ұрады. Күйеуім ғана емес, енем де қайныларым да ұрады. Біз бөлек шығып кеттік, бөлек шығып кетсек те бізге үйге келіп қырғын шығарады, енем бәрі.

Орталықта дәл осылай ұясын тастап келген 16 әйел мен 28 бала бар. Мектеп жасындағылары арнайы бөлмеде онлайн сабаққа қатысып жүр. Мұндағы мамандар өздеріне келушілердің былтырғыға қарағанда көбейіп отырғанына алаңдаулы.    

Жандос ТҰСМАҒАНБЕТОВ, "ҚАМҚОРЛЫҚ" ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Пандемия кезінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған аналар мен балалардың саны жоғарылады. Орталыққа қызметіне жүгінушілер саны артты. 8 айдың көлемінде 220 адам болатын болса, өткен жылы бұл көрсеткіш жыл көлемінде 218 болатын. Енді алда төрт ай бар. 4 айдық көлемінде азаматтардың саны өсу қаупі бар.

Директордың сөзіне сенсек, төркініне өзге өңірден келген қыз-келіншектер де бар. Олар өз ата-анасына баруға бата алмағандықтан, орталықты паналапты.  

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Барар жер, басар тауы қалмағандар орталықта 6 ай тұруға құқылы. Осы уақыт аралығында ерлі-зайыптылармен психологтар жан-жақты жұмыс жүргізеді. Тараптарды татуластыруға тырысады. Соған қарастан, биыл 4 ана балаларын жалғыз өсіруге бел шешкен.  Осы орайда, орталық директоры аналарға қоғам тарапынан материалдық тұрғыдан қолдау керектігін айтып отыр.


Биылғы жылдың жеті айында аймақта әйелдерге қатысты 792 құқық бұзушылық тіркелген. Ал ғаламтордағы дерек көздерге сенсек, ауыр қылмыстардың 40 пайызға жуығы отбасында орын алады екен.  

М. Тоқтасынқызы