$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Денсаулық сақтау министрлігі қандай қателік жіберді?

AstanaTV
15.09.2020ж. 20:00
2677
Денсаулық сақтау министрлігі қандай қателік жіберді?

Қатаң карантин әлем бойынша тағы да енгізілуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры осындай болжамымен бөлісті. Қазір Еуропа елдерінде коронавирусты жұқтыру дерегі көбейген. Тіпті, COVID-19-ға шалдығу жағдайы наурыздағы көрсеткіштен де асып түсті. Бұдан бөлек, қазақстандық дәрігерлер сенсация жасады. Ол қандай жетістік? Жер шарының миллионға жуық тұрғынын жалмаған кеселдің, қазіргі ахуалын әріптесім Асылбек Данияр айтып береді.

Тұмаумен қатарласып келуі мүмкін коронавирустың кезекті толқыны бүкіл елді алаңдатып отыр. Күні кеше брифинг өткізген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры қауіпті кезең алда деп ескертті. Оның айтуынша, қазан мен қараша айларында өлім дерегі көп болады.

Тедрос Адханом ГЕБРЕЙЕСУС, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Күнделікті ауру жұқтырғандар санының көрсеткіші наурыздағы кезеңмен салыстырғанда жоғары болып тұр. Өлім-жітім көрсеткіші төмен деңгейде. Алайда індеттің  таралуына шектеу қоймасақ, қазан-қараша айларында өлім дерегі артуы ықтимал. Сонымен қатар, әлемде қайтадан жаппай карантин режимі енгізілу қаупі бар.

Өткен тәулікте қытайлық індетке шалдығудың ең көп дерегі Ресейде тіркелген. Бес жарым мың адамнан дерттің белгілері анықталды. Ал, Мексика коронавирустың салдарынан 228 тұрғынынан айырылды. 9 мемлекет пандемиядан құтылды.
 
COVID-19 бойынша сандық мәліметке кезек берсек: жұқпалы ауруды жұқтырғандардың жалпы саны 29 миллионнан асады. Емделіп шыққандар: 21 миллион. 933 мыңнан астам науқас қайтыс болды.

Әлемде әзірге коронавирусқа қарсы вакцина пайда бола қойған жоқ. Ресейлік екпе,  бірінші болып тіркелген еді. Бірақ препаратты батыс ғалымдары қауіпсіз және тиімді деп айтуға ерте дейді. Кей ақпарат құралдары вакцина вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін екенін жазды. Енді елдегі ахуалға оралсақ. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, пневмониядан 1 тамыздан - 13 қыркүйекке дейін 7 мыңға жуық науқас емделіп шыққан. Ал, бүгінгі статистика тіпті таң қалдырды. 26 мыңдай науқас бір күнде дертті жеңіп шыққаны хабарланды. Басында, күмән болды, десе де.

Республика бойынша, COVID-19-ға шалдыққандар саны 107 мыңға жуықтады. Оның 101 мыңы жазылып шыққан. Өкіншке қарай, 1675 адам ажал құшты. Ал, КВИ анықталмаған, бірақ індет белгілері бар пневмонияны 30 мыңға тарта жағдайы тіркелді. Сауыққандар 26 мыңнан асты. Қайтыс болғандар: 331.

А. Данияр