Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Депутаттар фонограмма әншілеріне "соғыс" жариялады

AstanaTV
16.09.2020ж. 20:00
3093
Депутаттар фонограмма әншілеріне "соғыс" жариялады

Отандық әншілер бұдан былай фонограммамен өнер көрсетсе, алдын-ала халықты құлақтандыруы керек. Бір қарағанда, адам сенгісіз. Бірақ, бұл заң жобасы бүгін Мәжілісте қаралды. Жаңа құжатта фонограмма әншілеріне ғана емес ерсі қылық көрсеткен өнер иелеріне де шектеу қояды. Депутаттар поп-эстрадаға неге шүйлікті? Шоу бизнес оны қалай қабылдады? Әріптесім Айя Мүтәлі тарқатады.

Фонограмманың жыры таусылар емес. Бұл даудың да өз жақтаушысы мен даттаушысы бар. Бірі, "не дауысы, не дарыны жоқ ыңырсығандар сахнадан кетсін", десе. Енді бірі, "айтса айта берсін", деген ойда. Кейбір өнер майталмандары айтпақшы, "Жаңа Заң музыка әлеміне балта шабады", деген пікірде. Министрлік болса, бұл заман талабы, деп отыр.

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Бұл көрерменге фонограммамен өтетін концертке билет сатып алуды немесе одан бас тартуды таңдауына мүмкіндік береді және билет құнына да әсер етеді.

Дарын иелерінің кейбірі бұл өзгерісті жылы қабылдап отыр. Солардың бірі «Марина Магдалена» әнімен аты шыққан Асхат Тарғын. Оның өз ұсынысы да бар екен.

Асхат ТОРҒЫН, ӘНШІ:

70 пайыз жанды дауыс, 30 пайыз фонограмма деп айтса да болатын шығар деп ойлаймын. Оны жаймен-жаймен түзейді ғой. Сразу бірден буйту керек екен ештеңе жоқ бұл жерде.

Эстрадада көптің қытығына тиетін тағы бір жәйт бар. Ол, ән мәтіні. Кейбірі, белгісіз сөздермен шектелсе, енді бірі "жеті атаны" түгендеп жатады. "Түсініксіз сөз" айтқан әншілерді енді Мәдениет министрі жазаламақ. Жауапқа тартылатындар тізіміне айтпақшы ішімдік ішіп "есіре билеген" әншілерде кіріп отыр. Ұятты жағдай тумас үшін ұйымдастырушылар мен орындаушылар арасында келісім-шарт жасалмақ. Депутаттар сондай ақ қазақи дәстүрлі әнді бұрмалағандарды да жазалау керек, деп отыр.

Абай ТАСБОЛАТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Жастар оны радиода, теледидарда, сахнада айтып жүр. Дәстүрлі әндер Шәмші Қалдаяқовтікі және кімдікі болса да, соңында оны өздері қосып, бүлдіріп жүреді. Ақтоты Рахметоллақызы, осыған да шара қолдану керек деп ойлаймын.

Қалай болғанымен төменгі палата депутаттары бұл құжатты бірауыздан мақұлдады. Енді, оны сенаторлар қарастырады. Бұдан кейін Заң Жобасы Мемлекет басшысының алдына түседі. Бұл "өтірік әншілерді" қаншалықты азайтар екен? Оны енді кейін көрерміз...

А. Мүтәлі