Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Елордада өткен жәрмеңкеде 500 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімі сатылды

AstanaTV
21.09.2020ж. 20:00
1760
Елордада өткен жәрмеңкеде 500 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімі сатылды

Отандық өнімге сұраныс жоғары! Әрине егер ол нарықта бар болса. Елордалықтар 500 тоннаға жуық ауылшаруашылығы тауарларын екі ақ күнде талап алып қойды. Ол, Қызылорда облысынан келген өнімдер. Жәрмеңкеге дәнді дақылдан бастап ет-майға дейін дейін қойылыпты.

Нәсібін кәсібінен тапқан шаруалар үшін бұл қуанышты мезет. Көктемде белі бүгілген диқандар күзде еңсе тіктеп, еңбегінің жемісін көреді. Қызылорда бренді күріш, балығы мен ақ тұзы, қауыны мен қарбызы. Мұның бәрі ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне қойылған.

БЛИЦ:

-  Ет алуға келдік. Қазір балық аламыз. Бір жерге жинап жатырмыз тауарымызды. Жалпы жаман емес, халық алып жатыр.
-  Жеке бір аймаққа тиісті тауарларды сатып алу үшін әр облыстың жәрмеңкесіне үзбей келуге тырысамын. Күн суытты, қысқа дайындалу қажет.
- Ұнап тұр жаным, бағалары да жақсы.


Сыр елінің елордаға тартуы екі күнге жалғасты. Жәрмеңкеге 7 ауданнан 70-ке жуық шаруа тартылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкеге жалпы құны 130 миллион теңгенің тауары қойылыпты. Ауылдан келген базарлық, нарықтағы бағадан 10-20 пайызға төмен сатылды.

Шахмардан ҚОЙШЫБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Облыстан 477 тонна өнім әкелінді. Негізгі дақыл күріш 207 тонна. 186 тонна көкөністер, 25 тонна балық өнімі және басқа да қажетті азық-түлік түрлері бар. Сөрелерге қойылған өнімдер тікелей шаруалардың егіс даласынан алынған. Яғни таза табиғи өнім деп айтуға толық негіз бар.

Тез бұзылатын тауарлар, яғни ет пен сүт өнімдері рефрижератормен жеткізіліпті. Санитарлық талаптар толық сақталған. Атап өту керек, ағымдағы жылы Қызылорда облысы аграрлық салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген.

Ғ. Өтемісов