$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырауда соңғы бірнеше күннен бері автогаз тапшы

AstanaTV
22.09.2020ж. 20:00
4521
Атырауда соңғы бірнеше күннен бері автогаз тапшы

Мұнайлы Атырауда газ тапшы. Көлік жүргізушілері жанармай бекеттерін күзетіп жүргеніне де бірнеше күн болған. Газдың үстінде отырған аймақта газ неге жоқ? Әріптесім Базаргүл Нәдірөқызы жауап іздеді.

Әншейінде қыз-қыз қайнап жататын газ құю бекеттерінде тіршіліктің ізі байқалмайды. Тып-тыныш. «Газ жоқ» деген хабарландыру ғана ілулі тұр. Сандалған көлік жүргізушілер, бұл жыл сайын қайталанатынына ашулы.

Жанат АМАНЖОЛОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

Таңертең келдік әлі тұрмыз.  Машинаны көріп тұрсыз ғой. Толып тұр. Қала бойынша газ жоқ. Машиналар буксирмен келіп жатыр. Кешеден бері, осымен екінші күн мынау. Ешбір заправкада газ жоқ.  осы бір ғана заправка. Қайдан алғанын. Кезекті көріп тұрсыз ғой.

Бейбіт НҰРЖАНОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

 
Білмейміз әзірге не проблема болып жатқанын. Соңғы 3-4 күн ғой осындай болып жатқаны. Түсініксіз. 4-інші жер болар іздеп келіп отырғаным.


Газ құю бекеттеріндегілер де жағдайдан хабарсыз. Сұйық газ келсе, таратуға дайынбыз,- дейді.

Қаладағы сұйытылған газды сақтайтын паркте ұзын-сонар кезек. Жанар-жағар май бекеттерінің көлік жүргізушілері таңнан бері кезек күтіп тұрғандарын айтты. Араларында көрші облыстан келгендері де бар екен.

Руслан ГАЙНУДИНОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

 
Біз алтыншы күннен бері күтіп жүрміз. Заводта жөндеу. Сондықтан газбен проблема боп тұр. Жылдық жоспарлы жөндеу сияқты. Біз Ақтөбе облысынан келдік. Компанияның келісіміне сай бөлінген көлемде алып кетеміз.

Паркке сұйытылған газ Атырау мұнай өңдеу зауытынан келеді. Парк басшылығы жағдайға қатысты ақпарат бермеді. Әкімдіктегілер болса, газдың қорда таусылғанын айтты.

Данияр МҰҚЫШЕВ,  АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Қор аяқталуына байланысты осындай мәселе туындап отыр. Атырау мұнай-өңдеу зауыты 3 шілде мен 10 қыркүйек аралығында күрделі жөндеу жұмыстарына тұруына байланысты. Қазіргі таңда ол жұмыстар аяқталып, уақытымен тәулігіне 400 тоннаға дейін берілу үстінде.

Атырау мұнай өңдеу зауытының мәліметінше, жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілген.  Енді тапшылық болмайды,- деп отыр.  Айта кетейік, аймақта 49 газ құю бекеті бар. Олардан 12 мыңнан аса автокөлік айына 3 мың тоннаға жуық газ алады.

Б.Нәдірқызы