Әйелін ұрып-соғуға құмар тирандар енді жақындарымен бір ай кездесу құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында таныстырылған заң жобасында көрсетілген. Ішкі істер министірлігінің дерегінше өткен 8 айда отбасыннан қорлық көргендерден 130 мың арыз түскен. Депутаттарда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың көбейгеніне алаңдаулы. Жаңа құжаттың жобасын
әріптесім Әлішер Өмірзақ саралап көрді.
Раушан , «ҚАМҚОРЛЫҚ» ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Балаларға тамақтарын тауып бермейді. Өзіме жұмысқа шық деп айтады. Ақша тауып бер дейді. Ішіп келіп ұрады. Күйеуім ғана емес, енем де қайныларым да ұрады. Біз бөлек шығып кеттік, бөлек шығып кетсек те бізге үйге келіп қырғын шығарады, енем бәрі.
Бұл - бір ғана Раушанның басындағы қайғы емес. Қазір берекесі қашқан отбасылар көп. Мәселен биылғы жылдың өзінде тұрмыстық зорлық зомбылық құрбаны болған 130 мың адам арызданыпты. Бірақ кейін оның 80 пайызы райынан қайтып, арызынан бас тартқан.
Алексей КАЛАЙЧИДИ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Осы жылдың 8 айында тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша 130 мың арыз түсті. 2,5 мың арыз бойынша қылмыстық іс қозғадық. 30 мыңға тарта әкімшілік өндіріс басталды, қалған жағдайларда жәбірленушілер арыздан бас тартты. Сондықтан біз де ешқандай шара қабылдай алмадық.
Құқық қорғаушылар кешірімге жол бермеу керек дейді. Осыған орай жаңа жобаны таныстырды.
Енді әйелі, не ері таяқ жеген жағдайда өзара кешірім жасай салу деген болмайды. Шақыртумен барған учаскелік полицей жәбірленушінің арызынсыз-ақ шешім қабылдауға құқық бермек.
Алексей КАЛАЙЧИДИ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Яғни қорғау ұйғарымын қабылдайды. 30 күн ішімдік ішуге, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушілерге жақындауға, оларды аңдуға тыйым салынады. Қорғау ұйғарымын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, Әкімшілік кодекстің 461-бабы бойынша қамауға алынады.
Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:
Депутаттар отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған жәбірленушілерді қорғауды күшейту үшін полицейлердің өкілеттігін кеңейтуді ұсынып отыр. Айта кету керек, заң жобасында құқық бұзушылардың агрессиялық мінез-құлқын өзгерту үшін тәрбие жұмыстарын жүргізбек. «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» құжатты мәжілісте бірінші оқылымда-ақ мақұлданды.
Ә. Өмірзақ