$494.87 €520.65 ₽4.91
×

АҚШ пен Еуропада коронавирустың екінші толқыны бойынша жағдай нашар

AstanaTV
24.09.2020ж. 20:00
2448
АҚШ пен Еуропада коронавирустың екінші толқыны бойынша жағдай нашар

Әлемде COVID-19 пандемиясы ушығып барады. Коронавирустың екінші толқыны бір елден екінші елге жылдам тарауда. Франция мен Ұлыбританияда күніне он мыңдай адам ауруды жұқтырады.  Дүниежүзін әлекке салған дерттің қазіргі жағдайын әріптесім Асылбек Данияр айтып берсін.

Пандемияның бірінші толқынан ес жимай жатып, кезекті жаңа толқыны басталып та кетті. Францияның Денсаулық сақтау министрі Оливье Веран, елде қосымша шектеу шараларын енгізуге тапсырма берді. Өйткені, мұнда өткен тәулікте індетті жұқтырудың жаңа 13 мың жағдайы тіркеліп, 43 адам көз жұмған.

Оливье ВЕРАН, ФРАНЦИЯНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Халық көп жиналатын орындарға бармауға шақырамыз. Көпшілікпен қарым-қатынасқа түсуден аулақ болу керек. Жұмыс берушілерге мүмкіндігінше қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге ауыстырып,  оның мерзімін ұзарту керек. Біз бірінші толқындағыдай оқшаулау режиміне жүгінбеу үшін барымызды саламыз.

Ал, Ұлыбританияда жаңа шектеу шаралары кеше енгізілді. Көңіл көтеру орындары мен мейрамханалардың жұмыс уақыты қысқартылды. Мұнда COVID-19 белгілері тәулігіне 4 мыңнан астам тұрғыннан анықталған. Канадада жағдай Ұлыбританияға қарағанда едәуір тәуір. Алайда, бұл эпид жағдайдың тұрақтылығын білдірмейді, күніне мыңнан астам тұрғыннан дерт анықталуда. атын  Жергілікті билік бұған алаңдаулы.

Джастин ТРЮДО, КАНАДАНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
 
Біздің ірі төрт провинциямызда екінші толқын жақында басталса да, қазірдің өзінде өршіп барады. Біз құлдыраудың алдында тұрмыз, жағдай көктемге қарағанда әлдеқайда нашар болуы мүмкін. Бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтаңыздар!

Ал, кейбір мемлекеттерде індеттің екінші толқыны әлі жетпеген. Боливияда коронавирус жұқтырғандар санының азаюына байланысты билік тұрғындарға жүріп-тұруға рұқсат берді. Олар індеттің құрбанына айналған туыстарының қайда жерленгенін енді іздеп жатыр.

Элизабет ОРТЕГА:

Менің әжем бір ай бұрын коронавирустан қайтыс болды. Біз оның қайда жерленгенін білмедік. Бірақ қазір біз оның осында жерленгенін, ал мәйіттер бір-бірінің үстінде жатқанын анықтадық. Біз осыны көріп есеңгіреп қалдық.

Бразилия болса, індетті жұқтыру және өлім дерегі бойынша әлемде көш басындағы елдердің бірі. Олар екінші толқынмен вакцина арқылы күресуге дайын. Билік Қытайдың екпесін сатып алып қойған. Енді, вакцинацияны мүмкіндігінше ертерек бастауға ниетті.

А. Данияр