Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Батыс Қазақстанда тұрғындар балықты қолмен аулап жатыр

AstanaTV
25.09.2020ж. 20:00
6912
Батыс Қазақстанда тұрғындар балықты қолмен аулап жатыр

Батыс Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындары балықты қармақпен емес, қолмен аулап жатыр. Өйткені суқоймалар суалып, батпаққа айналған. Ал, Шымкенттік тұрғын қармақпен, елде жоқ  жыртқыш балықты ұстап алды. Амазонканың балығы Бадамда қайдан жүр? Балықтардың жайы келесі бейнематериалда.

Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданының тұрғындар судан тарыққан. Су келмеген өзен-көлдердің арнасы тарылып, батпаққа айналыпты. Халық балықты жаппай аулауға кіріскен.  
 
Руслан ОРАЗАЛИНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Каналдарда дым да су жоқ, бәрі кеуіп жатыр. Жайма, жыра... Кепкеннен кейін тұзы судың бетіне шығады. Жел сол біздің ауылға соққанда сол тұзбен біз демалып жатырмыз. Аудан басшылары, облыстан да келеді кісілер қарайды. Оны қарағаннан пайдасы жоқ, амалын қарастыруы керек қой суды қалай жеткізу керек екенін.

Салаға жауаптылар Ресейден келетін судың азайғанын мойындайды. Ал мұның табиғатқа зияны орасан. Мамандар 1994 жылы ғана табиғи тіршілік көзінің мол болғанын айтады. Содан бері өңір суға жарымаған. Осының кесірінен балықта азайыпты.  

Қайрат ЫБЫРАЕВ, БҚО ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ӘЛЕМІ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Соңғы 5-10 жылда шортан, сазан, көксерке, жайын, ақмарқа секілді балық түрлері азайды. Олардың бара-бара құрып кетуі де мүмкін. Сондықтан балықты құтқару жұмыстарын жергілікті әкімдіктер мен халық және табиғатпайдаланушылар жүргізуі тиіс. Егер деректер расталса, балықты құтқаруға кірісеміз.

Ал шымкенттік әуесқой балықшының қармағына жыртқыш балық түскен. Салмағы екі келі тартатын тіршілік иесінің тістері адамдікіне ұқсайды.

Жеңіс ҮЗДЕНБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Білгіштерден сұрастыра келе бұл Амазонка өзенінде дейді елде жоқ, Қазақстан бойынша жоқ балық ұстапсың, дейді. Білмейм енді несібемізге қарай ұстадық қой білгіштердің айтуы бойынша холодильникке салып, сақтап қойыңыз деді.

Хайуанаттар бағының мамандары ерекше балықтың Оңтүстік және Латын Америкасында тіршілік ететін «Күңгірт паку» екенін айтты. Зообақтағы аквариумда да дәл осындай балық бар болып шықты. Бірақ Бадам өзеніне қайдан келгені әзір белгісіз.

Елена ХАЙТМЕТОВА, АКВАРИУМ СЕКЦИЯСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Менің ойымша бұл балықты иесі дұрыстап күтіп қарай алмаған, басын ауыртқысы келмей өзенге жібере салған болуы керек. Өйткені бұларға өте үлкен орын қажет. Оның үстіне бұл аквариумдағы ұсақ балықтарды жеп қойған болуы әбден мүмкін.

Мамандар "Күңгірт пакудің" тісі адамдардың тісіне ұқсағанымен, аса қауіпті емес деп отыр. Ол күтімі жақсы болса 1 метрге дейін өседі деді.  

Е. Карин