Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Әскери бөлімнен қару-жарақ ұрлаған 8 адамға үкім шықты

AstanaTV
05.10.2020ж. 20:00
2299
Әскери бөлімнен қару-жарақ ұрлаған 8 адамға үкім шықты

Түркістан облысындағы әскери бөлімнен қару ұрлағандарға үкім шықты. Сот - басты айыпталушы кіші сержанқа 10 жыл берді. Одан бөлек 7 адамға жаза кесті. Автомат, тапанша, оқ-дәрі ұрлағандардың мақсаты не? Бұл сауалға әріптесім Айзада Төребекқызы жауап іздеді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

40 томнан тұратын атышулы қылмыстық істі, әскери сот небәрі 2 ай ішінде қарап, нүктесін қойды. Бір түнде 29 автомат, 400-ден аса оқ-дәрі мен 16 макаров тапаншасын ұрлағандарға, жаза әртүрлі тағайындалды.

Басты фигурант кіші сержант Абылай Балғынбай 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Қалғандары ұрланған қару-жарақты сатуда сыбайлас болған деді. Олардың екеуі 8 жылдан жаза арқаласа, тағы бірі 5 жыл, үшеуі үш жылдан темір торға қамалмақ. Ал сегізіншісі, яғни Санжар Бекжан сотта ақталып шықты. Екінші курс студенті 1 млн 400 мың теңге шамасында айыппұл төлейді.

Сейітқасым ТӘНКЕЕВ, Б.САНЖАРДЫҢ АДВОКАТЫ:


Айып бойынша толық сот ақтап отыр. Ол жағынан біз толық ризамыз. Енді үйіндегі табылған травмат тапанша бойынша айыпталып отыр. Оны енді үкімді алғаннан кейін көреміз, басқа айып бойынша осында әскери бөліміне қатысы бар деген жерде сот толық оны ақтап отыр.


Еске салайын, атышулы іс биыл ақпанда 10да 216 әскери бөлімінде болған еді. Кіші сержант Абылай Балғынбай тәуліктік кезекшілікте, қызмет орнын тастап, бірнеше қару-жарақты арқалай қашқан деген күдікке ілікті. Сотта оған ауылдастарының жәрдемші болғаны айтылды.

Жәмиля ТӨЛЕНОВА, ШЫМКЕНТ ГАРНИЗОНЫ ӘСКЕРИ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
 
Оларды түнгі сағат 02:20 шамасында әскери бөлімге кіргізіп, тәуліктік кезекшілікке түскен басқа әскери қызметшілердің түнгі постын тастап, ұйықтап қалғандығын пайдаланып, 29 АК -74 автоматтарын, 400-ден аса оқ –дәрілерді, 16 макаров тапаншаларын алып шығып, Қамбардың басқаруындағы мазда автокөлігіне салып, оқиға болған жерден бой тасалаған.


Сотта Балғынбайдың бұдан бұрын да 12 тапанша ұрлағаны дәлелін тауыпты. Оларды 2 млн теңгеден астам ақшаға сатқаны айтылды. Ұрланған қару-жарақ түгелдей әскери бөлімге қайтарылды,- деді судья Жамиля Төленова. Айта кетейін, сотталған басты фигурант Абылай Балғынбайдың өзі үкіммен келіспейтінін айтып қалды. Ол бұған дейін, қаруларды командирінің бұйрығымен ұрладым дегенді айтқан еді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Үкім 15 тәуліктен соң күшіне енеді. Сотталғандардың барлығы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады.


А. Төребекқызы