$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елордада "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйдің сапасы сын көтермейді

AstanaTV
07.10.2020ж. 20:00
2552
Елордада "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйдің сапасы сын көтермейді

Нұр-Сұлтанда салынғанына екі ай болмаған тұрғын үйден дау шықты. "Нұрлы жер", бағдарламасымен тұрғызылған көп қабатты үйдің сапасы сын көтермейді. Жылу құбыры жарылып, ішіне су кеткен. Ал, қабырғасы көне үйдегідей көгеріп тұр. Тұрғындар мұның бәрін тізіп әкімдікке бірнеше рет барыпты. Алайда, шенеуніктерден қайыр болмапты. Жаңа үйдегі, ескі проблемаларды әріптесім Ғалымжан Өтемісов өз көзімен көріп қайтты.

Өзін Зүлфия деп таныстырған зейнеткердің туыстарын паналап жүргеніне екі ай болды. Жақында апамыз "Нұрлы жер" бағдарламасымен алынған үйіне кірген. Көзіне жас алыпты. Бірақ қуаныштан емес, күйінгеннен. Үйдің іші суға толы, қабырға көгерген. Ал, жылу құбыры жарық.

Зүлфия, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Үйіміз суық, кухняға шамалы жылу беріп еді, батареядан су ағып кетті. Айырбастаймыз деді, ол да қалды.  


Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

«Нұрлы жер» бағдарламасы нұрланбай отыр. Күн суытты, жылу берілді. Алайда пайдалануға берілген көпқабатты үйдің жылу құбыры жарылып кеткен. Тұрғындар бұдан басқа да түйіткілдер шаш етектен деп отыр. Жұрт енді қыс бойы тоңып отырудан қауіптенеді.

Бұл үйдің күрделі мәселелері тапсырылған күні басталған. Орталықтар тұрған жұрт ауыз суға зар болған. Тасып ішті. Стандартқа сай емес арзанқол есептеуіш құралдар қойылған. Оған көз жұмып қарады. Қабырғасы көгерген. Әр қайсысы сылап-сипап жамап алды. Жылу құбыры жарылғанда, жұрттың да шыдамы жарылды.

Мақсат ЖҰМАДІЛОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мына тесіктерді қараңыз, еш жері жабылмаған. Айтқанымызға бір ай болды. Бірақ, ешқандай жұмыс жасалмаған. Хотя бы қоршап, әдемілеп жасап қоюға болады ғой.

Халық уәжін айтып әкімдікке бірнеше рет барды. Тиісті жерлерге бума-бума қағазда жіберген. Елдің білгісі келгені - бір мәселе. Сапасыз салынған үйді қай шенеунік қабылдаған? Бұған, Құрылыс басқармасының басшысы да мардымды жауап бере алмады.

Самат СӘРСЕНҒАЛИЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:


Үйді қабылдаған кезде барлығы тексерілді. Кейбір мәселелердің туындағаны рас. Оны жоққа шығармаймын. Аптаның соңына дейін барлық кемшіліктерді жоямыз деп сеніммен айта аламын.


"Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған бұл үй ешкімге тегін берілмеген. Әр пәтер пайыздық мөлшері төмен несиеге алынған. Кейбірі, осы бұрышқа кіруі үшін тапқан таянғанын салыпты. Нәтижесінде көргені мынау. "Әкім-қарадан қайыр болмаса Мемлекет басшысынан араша сұраймыз", дейді жаңа үй тұрғындары.

Ғ. Өтемісов