$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қосшы әкімдігі қайда қарап отыр? - тұрғындары

AstanaTV
09.10.2020ж. 20:00
3917
Қосшы әкімдігі қайда қарап отыр? - тұрғындары

Елорданың іргесіндегі Қосшы ауылында, "Сібір жарасынан" өлген мал көмілген жерге көпқабатты баспана салынған. Құрылысқа жауаптылар бұдан хабарсыз болғандарын айтты. Тұрғын үй кешенінен баспана алғандар құжат рәсімдей алмай жүр. Тең жартысының пәтері салынбай, далада қалған. Олар құйған қаражаттарын қайтарып берсін деп талап қойды. Жергілікті әкімдік қайда қараған? Тараптарды тыңдаған әріптесім Асылбек Данияр Тақырыпты тарқатады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:


Қосшы елді-мекенінде орналасқан "Шоколад" деп аталатын тұрғын үй кешені 2019 жылдың аяғы мен осы жылдың ортасында тапсырылу керек болған. Десе де 3-4 үйлердің құрылысы тұралап қалған. Өздеріңіз көріп тұрғандай бұл 4-нші үйдің орны. Бұл жерде фундаменті қаланбаған. Мұның өзінің себебі де бар. Бұл жерде "сібір жарасынан" өлген жануарлардың өлексесі көмілген.

"Баспанам үшін 3 миллион теңге құйдым" деген Аяланың пәтері әлі салынбапты. Жоспар бойынша ол пәтер кілтін былтыр алуы керек болған. Бірақ көпқабатты баспананың әлі орыныда жоқ. Шыдамы таусылған үлескер 2 рет сотқа арызданса да іс кері қайтарылғанын айтады. Енді өзі сияқты үйсіз жүрген "көршілерімен" сотқа ұжымдық шығым түсірген. Олардың басты талабы, ақшаларын қайтарып алу.    

Аяла ОТАНОВА, ҮЛЕСКЕР:


Әкімдікке барған кезде бұл үйдің ешқандай рұқсаты жоқ екенін білдік. Рұқсаты жоқ екеніне қарамастан "Академия жилья" құрылысты әрі қарай жүргізуін тоқтатпады. Үйді бермегендіктен біз ақшамызды талап еткен кезде, ешқандай ақша қайтармаймыз деді. Егер әрі қарай біздің талабымызды орындамайтын болса біз жоғарғы сотқа жүгінетін боламыз.

"Тұрғын үй құрылысы жауапты компанияның былығы мұнымен шектелмейді",- деді тұрғындар. Былтыр жыл аяғында пәтерлерін алғандарының өзі құжат рәсімдеп үлгермеген.

Әсем ШЫНАЕВА, ҚОСШЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге құжатымыз керек. Сөзбен бізді жұбатады, дәлелі ештеңесі жоқ. Жеке өзіме үнемі болады деп айтады. Офисқа үнемі барып тұрамыз ол кісі болмайды орнында.

Мейрамгүл ИБРАЕВА, ҚОСШЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерде "Сібір жарасы" деген ауру бар дейді ғой. Сол үшін біріншіден, экспертиза өткізсін. Екіншіден, әкімдік қайда қарап отыр құжат бергенде.

 
Құрылысқа жауапты компания өкілдері де ақталып бақты. Ол жерде "сібір жарасынан" қырылған жануарлар көмілгенін білмегінін жеткізді. Әкімдіктен де ешқандай ескерту болмады дейді. Жер телімін аукцион арқылы жекеменшік компаниядан сатып алған. Құрылысы тоқтап қалған 2 көпқабатты үй тұрғындарын сабырға шақырды. Ал, пәтерінің құжатын алмағандардың проблемасы аз күнде шешіледі деп сендірді.

Жайна БАЙБЕКОВА, "АКАДЕМИЯ ЖИЛЬЯ" ЖШС ЗАҢГЕРІ:

Соттың шешімі біз жақты болмаса бізбен тіркелген келісім-шарттарын бұзып, ақшаларын қайтарып ала алады. 20-ншы қазанда нақты сот шешімі болады.


Тыйым салынған жерге құрылыс бастауға кім рұқсат берді? Бұл сауалдың жауабын жергілікті әкімдіктен білмек болдық. Бірақ әкім мәселені анықтаймын деп уәде етіп, артынша телефонын көтермей қойды.

Ержан ЖОЛЫМБЕТОВ, ҚОСШЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Абонет қазір қоғырау қабылдай алмайды, кейінрек хабарласуыңызды өтінеміз.


Әкім бұл мәселеге қатысты жауап бергісі жоқ. Ол бізден бұрын құрылыс компаниясының кеңсесіне соғып кетіпті.

Тұрғын үй кешені үлескерлерінің де, тұрғындарының да тыныштығы кеткен. Тұрғындар тіпті өлексе көмілгенін естігелі балаларын сыртқа шығарып ойнатудан қалған. Ақшасын қайтара алмай жүрген үлескерлер болса сот үкімін күткеннен басқа амалы жоқ.

А. Данияр