Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партиялық тізім 60%-ға жаңарады,-Б.Байбек

AstanaTV
09.10.2020ж. 20:00
2152
Барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партиялық тізім 60%-ға жаңарады,-Б.Байбек

Барлық деңгейдегі мәслихаттар үшін партиялық тізімі 60 пайызға жаңарады. Бұл туралы "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Фейсбуктегі парақшасында жазды.  Праймеризге тіркелген 10 мыңнан астам кандидаттың тек мың жарымы ғана түрлі деңгейдегі депутаттар. Оның 200-ден астамы саяси доданың екінші кезеңіне өте алмады. Яғни оза шапқандардың басым бөлігі үлкен саясатқа енді келіп жатқандар.  

Барлық өңір әкімдері партияішілік іріктеу қорытындысын талқылап, көп дауысқа ие болғандарға құрмет грамоталарын табыстады. Ал «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партия жақтастарының лигасымен кездесті. Ол праймериз нәтижесінен бөлек саяси доданың берер пайдасын сөз етті.  

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Елбасының өзі 1 жыл бұрын тамыз айында партия жаңаруы керек екенін айтқан. Диалог. Сенім. Болашаққа нық қадам. Диалог бар жерде сенім пайда болады. Кеше ғана филиал басшылары, әкімдер халықпен кездесті. Көп адамдар шығып айтты: «бізге мүмкіндік берілді. Айтылмаған мәселені айтуға алаң берілді, біз ашық айттық». 216 бағдарламаны біз жарияладық. 21 мыңға жуық түрлі ұсыныс алдық. Біз оны ертең енгізетін боламыз. Соның бәрі жүзеге асырылады.

Ең жоғары нәтижеге қол жеткізгендер - еріктілер, көп балалы аналар, қарапайым педагогтар мен дәрігерлер. Бұлардың жалпы саны шамамен 500-ден асады. Олардың арасында халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп жүрген журналистер де бар.

Бибігүл ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ, ЖУРНАЛИСТ:

Біздің халық өз арасында жүрген адамдарды жақсы көреді. Халық қазір жастарға зәру, халық арасында жүріп, сөзін сөйлейтін кісілерге зәру. Сондықтан да сіздің осы праймериз бастамаңыз үлкен жетістік деп ойлаймын.

Праймеризге қатысқан қоғам қайраткері Әлия Садырбаева саяси доданың әділ өткенін айтады. Енді ол алға қойған жоспарларын жүзеге асыруды көздейді. Бұл ретте партияның рөлі маңызды екенін атап өтті.

Әлия САДЫРБАЕВА, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Мұндай масштабта іріктеу өткізудің қаншалықты қиын болғанын түсінемін. Үміткерлер өз ойын дұрыс жеткізе алуы үшін тренингтер өткізді, дебаттың қыр-сырымен таныстырды. Үлкен тәжірибе болды, сондықтан жеңілгендер жоқ деп есептеймін. Және алдағы уақытта партиямен бірге ел игілігі үшін жұмыс істеуді жалғастыра беремін.

Айта кетейік, праймериз арқасында партия қатарына 42 мыңнан астам адам қосылды. Оның бір мыңы саяси додаға қатысты. Төрттен бірі партиялықтардың сеніміне ие болып, ең көп дауыс жинағандар қатарынан табылды.

Ә. Өмірзақ