Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Тұмаудан құс етіне сұраныс азайған

AstanaTV
13.10.2020ж. 20:00
2152
Тұмаудан құс етіне сұраныс азайған

Ел ішінде құс етіне сұраныс азайған. Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріповтің пайымынша, оған әлеуметтік желіде тараған жалған ақпараттар себеп болды. Шын мәнінде құс тұмауын жұқтырған қанаттылардың етін жеу қауіпті емес, дейді одақ басшысы. Ресейдің Челябинск өңірінен басталып, Қазақстанды да біраз әбігерге салған індеттің қазіргі жағдайы, келесі бейнематериалда.

Құс өсірушілердің Одағын басқарып келе жатқанына 10 жылдан асып кеткен Руслан Шәріпов құс тұмауынан шошуға болмайтынын ескертті. Тұмау жұқтырған үй құсын сойып, қайнатып тұтынса, одан қауіп жоқ деді. Сондықтан дүрлікпеуге шақырады.

Руслан ШӘРІПОВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰС ӨСІРУШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Біздің өнім: жұмыртқа болсын, ет болсын, таза экологиялық бидайды жейді. Әрі ауру құсты 70 градус температурада қайнатсаңыз вирус өледі. Қазақстанда шикі өнімді ешкім жемейді. Халыққа айтатыным: сол үшін қорықпай, жей беруіңізге болады.

Дегенмен ветеринария және тамақ қауіпсіздігі департаменті директоры ауру құстар асханаға жіберілмейтінін айтты. Дизинфекциялық шараларға ерекше мән берілгенін алға тартты. Қазір құс фабрикаларында өнімнің сапасы мен құстарға жауапты арнайы мамандар бекітілгенін жеткізді.

Гүлжан НҰРТАЗИНА, ҚР АШМ ВЕТЕРИНАРИЯ ЖӘНЕ ТАМАҚ ҚАУІПСІЗДІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Өнім тиісті сараптамадан өткізіліп, соған сәйкес құс өнімдері сауда орындарына жеткізіледі. Мұнымен қоса, сауда орындарында, базарларда зертханалар өнімдерді тексереді. Осы орайда талапқа сай келетін тауарлар ғана саудаға жіберіледі.

Дегенмен қазір жағдай реттеліпті. Бұған дейін күніне 10 мың құс тұмау жұқтырған болса, қазіргі көрсеткіш едәуір төмендеген. Мамандар қарашадан бастап, құс тұмауынан толық арыламыз деген болжам жасады. Өйткені вирус төмен темпаратурада тарала алмайды.   

Бауыржан БЕКЕТ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Соңғы 10 күнде құс өлімі тіркеліп отырған жоқ. Вакцинасы жасалынды. Енді тұрақтанды деп айтуға болады. Егер бәрі жақсы болатындай жағдай болса алғашқы салған карантин 3 елді-мекенде жуық арада алуымыз мүмкін.

Құс тұмауы басталғалы Тобыл өңірінде 395 мыңға жуық құс қырылып қалған болатын. Облыстағы 10 елді-мекенде карантин жарияланған еді. Аймақтағы тұмаудан өлген құстардың шығынын өтеу үшін 3 миллион 420 мың теңге көлемінде өтемақы төленген.  

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Жалпы елде 46 миллионнан астам құс бар. Оның 0,9 пайызы құс тұмауынан қырылған. Індет басталғалы 7 облыстағы 78 елді-мекенінде карантин енгізілді. Халықаралық эпизоологиялық бюро мәліметінше құс тұмауы қыркүйектің басында тек Қазақстанда ғана емес, Австралия, Ресей, Ирак, Ауғанстан сияқты елдерде де тіркеліпті.

Ғ.Өтемісов