$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Әзірбайжан армяндардың тағы бір зымыран кешенін жойып жіберді

AstanaTV
14.10.2020ж. 20:00
3865
Әзірбайжан армяндардың тағы бір зымыран кешенін жойып жіберді

Әзірбайжан Арменияның баллистикалық зымырандары бар тағы бір жедел-тактикалық зымыран жүйесін жойып жіберді. Бұл туралы Әзірбайжан қорғаныс министрлігінен хабарлады. Ал Ереван өкілдері қарулы күштердің бұдан былай Әзірбайжандағы кез-келген әскери нысанға шабуыл жасайтынын мәлімдеді. Осылайша, атысты тоқтату туралы уағдаластық қағаз жүзінде ғана қалған сияқты. Бұл аздай Таулы Қарабақта гуманитарлық дағдарыс күшейді.

Әскери қақтығыс басталғанына екі аптаға жуық уақыт өткен соң, Әзірбайжан мен Армения өзара бітімге келгендей болды. Осылайша 10 қазанда 10 сағатқа созылған келіссөзден кейін ресми түрде қол қойылды. Ресей, Франция және АҚШ-тың араағайындығымен жүргізілген мәміледен кейін тараптар тұтқындар мен қаза тапқандардың сүйегін айырбастауға келісті. Осылайша ЕҚЫҰ Минск тобы форматындағы келіссөздерге оралуы керек еді. Алайда бұл келісімдер сөз жүзінде қалды. Арада бір сағат өтпей жатып, Ереван мен Баку бір-бірін келісімді бұзды деп айыптауға кірісті. Ал бүгін Әзірбайжан күштері қарсыласының зымыран кешеніне оқ жаудырды.

Кикілжіңге Түркияның араласуы жағдайды ушықтырып жіберді. Түркия әскерилерінің бір бөлігі Әзірбайжаннан әлі шығарылған жоқ. Енді Армения премьер-министрі түріктерді соғысқа түрткі болды деп айыптап отыр

Никол ПАШИНЯН, АРМЕНИЯНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Егер Түркия соғысқа қатысуға толық дайын екендігін көрсетпесе әрі араласпаса, бұл қақтығыстың болмайтыны анық еді. Сондықтан түрік-әзірбайжан бірлескен әскери жаттығулары ұрыс қимылдарына ұласқанына баршаның назарын аударғым келеді.

Түрік жағы келіссөз жасап, бітімге келгенді қалайды. Осы елдің Сыртқы істер министрі  мәлімдегендей, Минск тобы жақын уақытта кең форматта кездесу өткізіп, не істеу керектігін шешуі керек. Бірақ Армения да Әзірбайжан жерінен кетуі тиіс, дейді дипломат.

Мевлют ЧАВУШОГЛУ, ТҮРКИЯНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:


Ешкім де соғысты қаламайды. Армения БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері мен ЕҚЫҰ шешімдерін ұмытпауы тиіс. Егер Армения әскерін басып алған аумақтан шығару керектігі айтылса, онда халықаралық қауымдастық бұл қақтығысты шешуге шынымен де мүдделі деп айта аламыз. Бірақ, өкінішке қарай бұл туралы ешкім тіс жармай отыр. Сондықтан біз Минск тобы ретінде жақын арада кең форматта кездесу өткізіп, не істеу керектігін ақылдасуымыз керек.

Соғыс алаңына айналған аумақтағы үйлер үш аптаның ішінде үйіндіге айналды. Баспанасына кері оралуға қорыққан тұрғындар қазір жертөледе бас сауғалап отыр.

РАЗМИКА, СТЕПАНАКЕРТ ТҰРҒЫНЫ:

Біз 27 қыркүйектен бері жертөледе отырмыз. Қатты қорқып, тілден айрылған балаларымызды Ереванға алып кетті. Қазір мүгедектер арбасында отырған қарттар қалды. Атылған снарядтың қайда жарыларын білмей зәреміз ұшады. Күн сайын үрей құшағында өмір сүріп жатырмыз.

Бұған қарайтын әскерилер емес, олар шабуылды үдепкен. Бүгін «Уолл Стрит Жорнал» Таулы Қарабақтағы қақтығысқа Түркиямен байланысы бар жүздеген содырдың келіп қосылғанын хабарлады. Тағы жүз жауынгер атыс аймағына аттануға дайындалып жатыр деп жазды.

Е. Карин