Пандемия салдарынан Павлодар әуежайы құрдымға кетуі мүмкін. Өйткені, карантин басталғалы әуе вокзалының шығыны тіптен арта түскен. Аптасына небәрі 12 ғана ұшақ қабылдайтын әуежайдың қазіргі хәлі мүшкіл. Былтырдан бастап Павлодар әкімдігінің қарамағына алынса да, әкімдіктің оны ұстап тұруға қауқары жетер емес. Әуежайдың ендігі тағдыры не болмақ? Тілшіміз анықтап көрді.
Бұл Павлодар әуежайының бүгінгі көрінісі. Мүлгіген тыныштық. Өйткені, пандемия салдарынан жолаушылар саны күрт кеміген. Қазір тек екі бағытқа ғана ұшақ қатынайды. Оның өзі шығынды жаппақ түгілі өз-өзін ақтай алмайтын хәлге жеткен. Өткен жылы әуежай әкімдіктің қарамағына берілген. Алайда, одан да көсегесі көгере қоймапты.
Ескендір ЖАНДӘУЛЕТОВ, "ПАВЛОДАР ӘУЕЖАЙЫ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Өткен жылы шығын көлемі 20 млн. болса, биыл бұл сомма шамамен 150 млн-ға жақындады. Біз қанша қаражат тапсақ, сонша шығын шығарамыз. Сондықтан, бұл біздің жұмысымызды қиындатып тұр. 2016 жылдан бері тек минусқа жұмыс істеп келеміз.
Бұл аз болғандай биыл әуежайды, Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің өңірлік департаменті сотқа берген. Яғни, әуежай басшылығы әуе кемелеріне арналған жағар-жанармайды қымбат бағамен сатты - деген күдікпен, сотта жауап беріпті.
Әлия ТҰРСЫНБАЕВА, БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Сот «Павлодар әуежайын» кінәлі деп тауып, 1 млн. 200 мың теңге айыппұл салды. Сондай-ақ, бағаны көтеріп сатудан түскен 2 млн. 600 мың теңгелік табысын да тәркіледі.
Табысынан гөрі шығыны артқан әуежайдың бүгінгі хәлі мүшкіл. Жаңғыртуды аса қажет етеді. Өйткені, ұшып қону жолағының да жөндеу көрмегеніне біраз болған.
Диана МҰҚАНОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Пандемия басталған дейін әуежайды дамыту жоспарымыз болды. Ішкі рейстер ашып, Павлодарды Батыспен, Солтүстікпен, Оңтүстік өңірмен қосуды жоспарлап қойғанбыз. Әзірге ол мүмкін болмай тұр. Енді әуежайға жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, инвестор тартсақ па деген жоспарымыз бар. Қолымыздан келгенше, әуежайдың дамуына жұмыс істейтін боламыз.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Осылайша, жергілікті әкімдік тығырықтан шығудың жолын қарастырып жатқанға ұқсайды. Алайда, қарызға батқан компанияға қаражат құя қояр инвестор табыла қоя ма? Ол жағы әзірге белгісіз.
Ө. Қуанар