Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Елдегі несие алуға қабілетті 9 миллион тұрғынның 7 миллион 200 мыңы банкке қарыз

AstanaTV
15.10.2020ж. 20:00
4852
Елдегі несие алуға қабілетті 9 миллион тұрғынның 7 миллион 200 мыңы банкке қарыз

Елдегі несие алуға қабілетті 9 миллион тұрғынның 7 миллион 200 мыңы банкке қарыз. Бірінші несие бюросының мәліметі - осы. Пандемия жағдайды одан сайын ұшықтырып отыр. Қазір несиесін өтей алмайтындар күрт көбейген. Екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарының қысымы да күшейген. Несиесін уақытында төлей алмаған тұрғындарға коллекторлық қызмет тыным бермеуде. Тіпті қарызын кешіктірген күндеріне еселеп қайтаруға мәжбүрлеп жатқан көрінеді.

Алматы қаласының тұрғыны Артемий Лебедевтің несиені уақытынан кешіктіргеніне үш ай болған. Тұрақты жұмысынан айырылған оның жағдайын қаржы ұйымы ескермек түгілі, қарыз үстіне қарыз еселеп берген. Тіпті, тағы кешіктірсе үйіндегі мүлкін тәркілейтіндерін айтып қорқытқан. Тығырыққа тірелген соң, қаржы ұйымынан алған 20 мың теңгесі де бірнеше есеге өсіп кеткен. Қарызға белшесінен батқан тұрғын қайда барарын, кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Артемий ЛЕБЕДЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

315 мың теңге қалды. 25 мыңнан төлеп келдім. Карантинге байланысты төлей алмағаным үшін 90 мың теңге қосып жіберіпті. Төлеуге міндеттісің дейді. Айыппұлдың қайдан қосылғанын да түсіндірмейді. Өте дөрекі сөйлеседі. Мүлкіңді тәркілейміз деп қорқытатын болды.

Банк алдындағы беделі түскен тұрғындардың мәселесін шешумен айналысатын заңгерлердің айтуынша, елімізде несие өтей алмағандар саны күрт артқан. Мысалы, бүгінде 1 млн. 375 мың адамның есеп шоты бұғаттаулы. Жеке сот орындаушыларына өткен берешек көлемі 7 триллион теңгеге жуықтайды. Несие бойынша артық пайызды байқаған кез-келген адам заңгерге немесе ұлттық банкке жүгіне алады, дейді мамандар.

Фархат ӘБДІҚАДІРОВ, ЗАҢГЕР:

Банктер үстінен пайыздар қосып жіберген жағдайда, көп адамдар сол жарлықты естіп хабарласып жатыр ғой. Ол кезде ұлттық банктің қаржы нарығын қорғау агенттігіне өзінің құқығын қорғай отыра, Президенттің жарлығын негізге ала отырып арыз жіберуге болады. Жалпы банктердің жылдық тиімді үстемақылсы 56 пайыздан аспауы керек.

Ал, бірінші несие бюросының мәліметінше елдегі несие алуға қабілетті 9 миллион тұрғынның 7 миллион 200 мыңы банкке қарыз. Оның жалпы сомасы 3,5 триллион теңгені құрайды. Мамандар, несиені төлеуден қашудың пайдасыз екенін айтады. Одан да банкке барып, шешу жолдарын қарастырған жөн деді.  

Әсем НҰРҒАЛИЕВА, БІРІНШІ НЕСИЕ БЮРОСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Қазіргі уақыттағы статистика бойынша 19 пайыз борышкер қиын жағдайды бастан кешіріп жатыр. Яғни, төлем жасай алмауда. Бірақ, олардың банктен қашып жүруі дұрыс емес. Одан да банкке барып, қарызды бірнеше айға тоқтатып тұруын сұрауға болады. Болмаса, аздан бөліп төлеуге болады.

Заңгерлердің сөзінше, тұтынушылық несиені кешіктіргені үшін 56 пайыздан аса үстемақы қосу заңсыздық. Оған қоса, мүлікті тәркілейміз деген қорқыту өз алдына заңға қайшы әрекет екенін ескертеді. Сондықтан сотқа жүгінуге кеңес береді. Ал, шағын қаржы ұйымдарының көбі заңды белшесінен басып, тұрғындардың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып келеді, дейді. Берген қарызды бірнеше еселеп қайтарып алатындардың көбі Ұлттық банктен рұқсат алмаған.

А. Кемелжан