Азаматтық қорғау органдарына биыл 25 жыл толды. Қазанның 19-де атап өтілетін кәсіби мейрам қарсаңында елде түрлі мерекелік шаралар өтуде. Соның бірі Қызылорда облысында өтті. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіхалықова, құтқарушыларды төл мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар, екі өрт сөндіру техникасының кілтін табыстады.
№1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі заман талабына сай жабдықталған мекеме. Мұнда барлығы алпысқа жуық қызметкер бар. Оның жиырма жетісі өрт сөндіруші.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Халықтың тірлік-тіршілігіне аймақтағы қауіпсіздік мәселесі төтенше жағдайлар қызметкерлеріне байланысты. Сіздер өздеріңіздің өмірлеріңізді өте жауапты, жақсы дайындықты қажет ететін салаға арнап отырсыздар. Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтаймын.
Сыр өңірінде соңғы 3 жылды бір мыңнан аса өрт тіркеліпті. Бұдан бөлек 2 мыңға тарта апаттық жағдайлар болған. Құтқарушылар отқа да кіріп, суға да түсіп 200-ге жуық адамның өмірін аман алып қалды. Еңбегіне адал, жүрек жұтқан қызметкерлердің бір сыпырасы бүгін "Алғыс хаттармен" марапатталды.
Мақсұт МЫРЗАҒАЛИЕВ, СЫРДАРИЯ АУДАНЫ №2 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Қызметімізді елеп, марапатталып жатырмыз. Алғысымыз шексіз. Рахмет көп-көп. Осындай жетістіктерге жете берсін әр қызметкер. Ең бастысы халықтың аманшылығы, тыныштығы.
Облыста жиыны 105 өрт сөндіру көлігі бар. Құтқарушылар технопаркі жылда жаңа техникамен толығып тұрады. Жақында облыстық бюджет есебінен тағы екі арнайы көлік алынды. Олар аудандарға жіберіліп отыр. Салтанатты шара соңынан өрт сөндірушілер кәсіби шеберліктерін көрсетіп, тілсіз жаумен алысу амалдарын көрсетті.
М.Тоқтасынқызы