Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Петропавл әуежайының қарызы 700 миллион теңгеден асады

AstanaTV
22.10.2020ж. 20:00
3415
Петропавл әуежайының қарызы 700 миллион теңгеден асады

Петропавл әуежайы жабылудың алдында тұр. Өйткені оның жалпы қарызы 700 миллион теңгеден асып түскен. Коммуналдық төлемдер, жұмысшылардың еңбекақысы және басқарушы компанияның шығындары өтелмепті. Қызылжардың әуе вокзалы мүлдем жабыла ма? Жұмысшылардың алдындағы берешекті енді кім өтейді? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин біліп көрді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Бес жыл бұрын Қызылжардың әуежайыны жаңартылған еді. Терминал салынып, ұшып қону жолағы да жаңадан төселген болатын. Жергілікті билік күрделі жөндеу жұмыстары әуе вокзалына жаңа дем беретініне сенген еді. Бірақ, сенім ақталмады. Бүгінде бұл мекеме қайтадан қаржылық қысылтаяңға тап болды.

2014 жылы Петропавл халықаралық әуежайы Airport Management Group компаниясына сеніп тапсырылған болатын. Бірақ жаңа басшылықтың жоспары іске аспаған көрінеді. Ұшақтар Алматы мен Нұр-Сұлтанға ғана ұшып, әуежай өз әлеуетінің тек үштен бір бөлігін ғана жүзеге асырған. Осының салдарынан бірнеше жылдың ішінде 700 миллион теңгеден астам қарыз қордаланып қалғанын жеткізді.   

Мәди МӘЖІТОВ, «ПЕТРОПАВЛ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ ДИРЕКТОРЫ:

Қарыздың ішінде жұмысшылардың жалақысы, басқарушы компанияның қызметі, салық және коммуналдық төлемдер бар. Әуежай қызметкерлердің алдында 21 миллион теңге берешек. Бізде 83 адам жұмыс істеп жатыр. Ешкім жұмыстан әзірге шығарылған жоқ.

Қазір компания банкрот жариялау жұмысын қолға алған. Қарыздың негізгі бөлігі мекеменің жеке мүлкін сату арқылы өтелмек. Ал жұмысшылар алдындағы берешегін жергілікті әкімдік өз мойнына алуға уәде етіп отыр. Әуе вокзалы банкрот болған соң, облыс әкімдігі оны өз меншігіне қайтармақшы.  

Асқар ҚЫЛЫШБЕКОВ, СҚО ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Сот әуежайға оңалу үшін қазанның біріне дейін уақыт берді. Бірақ, ешқандай амал қолданбаған соң, банктротты жариялау жұмысы басталды. Терминал, ұшып қону жолағы мен негізгі техника - азаматтық авиацияның иелігінде тұр.


Атқамінерлердің айтуынша, әуежай болашақта мемлекеттік жеке меншік әріптестік бағдарламасы бойынша жұмыс істемек. Билік өкілдері жаңа жоба құрып, ішкі және сыртқы рейстердің санын арттырамыз деді.  

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Биліктің жоспары айқын, әрине. Бірақ әуежайдың қарызын кім қайтарады? Заңға сәйкес берешек мекеменің жеке мүлкінен өтелуі тиіс. Бірақ әужайдың жеке меншігінде мұндай сомаға тартатын мүлік жоқ болса керек.

А. Құрманкин