$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Атырауда туған бауырын пышақтаған ағасы қамауға алынды

AstanaTV
22.10.2020ж. 20:00
2151
Атырауда туған бауырын пышақтаған ағасы қамауға алынды

Атырауда 24 жастағы інісін пышақтап тастады деген күдікпен ағасы қамалды. Жаға ұстатарлық жағдайдан алақандай ауыл тұрғындары ес жияр емес. Полиция қайғылы жағдайға отбасылық жанжал себеп болғанын хабарлайды. Көпшілік төбеден жай түскендей болғандарын айтады. Өйткені бұл отбасының ел ішінде жаман аты жоқ еді деді.

Қанды оқиға дүйсенбі күні болған. Бірақ ол туралы енді ғана жалпақ жұртқа жария болып жатыр. Үй ішіндегі жанжал кезінде ағасы інісін пышақтап тастапты. Ауыр жарақаттан інісі оқиға орнында жан тапсырған. Мұны ауыл ішіндегілер айтты. Бірақ бұған не себеп болғанын ешкім білмейді.

Кенжебек НҰРҒАЛИЕВ, АҚЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Дұрыс жігіттер. Бұзақылық жоқ болды ғой оларда.  Жуас жігіттер.

Айгүл БОРАНБАЕВА, АҚЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Қорқасың ғой ондайға неге барды екен деп.  Бірақ жақсы отбасылар деп айтады. Ол кісілер жақсы, қарапайым, жуас адамдар енді.  Естуімше.  Өзім танымаймын да. Жанжал деген сияқты.


Ауылдастары ағалы-інілі жігіттердің ішімдік ішпегенін айтады. Отбасында бұған дейін бас жарып, көз шығарған қылықтарын жергілікті атқамінерлер де байқамапты.

Райхан БЕЙСЕНОВА, АҚСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Әкімшілік тарапынан ешқандай көмекке мұқтаждығы жөнінде келіп көрген жоқ. Жұмыста барлығы: балалары, жақсы күйде тұрады деп айта аламын. Жанжал, түсінбеушілік жөнінде бізге жүгініп келгенін көргеніміз жоқ.  Болған жоқ ондай жағдай.

Қара жамылған отбасы бұл жайтқа қатысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Полиция жанұядағы жанжал соңы қайғылы жағдайға соқтырғанын айтты. Ал оған не себеп болғанын тергеу кезінде анықтамақ.

Гүлнәзира МҰХТАРОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:


Қылмысқа күдікті анықталып, ізі суымай ұсталды. Қазіргі кезде уақытша оқшаулау орнына қамауға алынды. Бұл дерек бойынша ҚК 99, яғни "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеп, тексерілуде.

Полиция өзге деректерді тергеу құпиялығына байланысты жариялаудан бас тартты. Дейтұрғанмен, ағасының кінәсі дәлелденсе, ол 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Б.Нәдірқызы