Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Ауылды жерлерде әлеуметтік маңызы жоғары нысандар ашылуда

AstanaTV
22.10.2020ж. 20:00
2761
Ауылды жерлерде әлеуметтік маңызы жоғары нысандар ашылуда

Алматы облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы жүйелі жолға қойылған. Облыстағы салауатты өмір салтын дамытып, балдырғандардың спортпен шұғылдануына жағдай жақсарып келеді. Бүгінде бір ғана Қарасай ауданы бойынша көпсалалы үш спорт кешені бар. Аудандағы жүргіншілердің қауіпсіздігі де бір жүйеге келтірілген.

Қазақ спортшылары осы күнде халықаралық ареналарда жемісті нәтижелер көрсетіп жүр. Жеңіл атлетика, зіл темір көтеру немесе бокс пен күрес. Көк туымызды көтеріп жүрген спортшылардың дені ауыл жастары десек артық айтпаған болармыз. Оны билік те жақсы біледі. Сондықтан да ауылды жерлерде спортқа ден қойылған. Айталық, Алматының іргесіндегі Қарасай ауданында соңғы жылдары бірнеше спорттық мекеме ашылды.

Әсем ҚОСАНОВА, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ СПОРТТЫҚ НЫСАНДАР БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫ:

Спорт кешенін салғандағы басты мақсатымыз әрине жергілікті спортты дамыту.


"Нұр-Аман" спорт кешені Райымбек кентінде жуырда ғана ашылды. Бір жарым гектар жерді алып жатқан алып ғимаратта Райымбек жастары ғана емес жақын маңдағы елді-мекен спортшылары да шынығады. Мұнда футболдан бастап жиыны 20 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Кешен сондай-ақ 70 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Әсем ҚОСАНОВА, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ СПОРТТЫҚ НЫСАНДАР БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫ:

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары мұнда спортпен тегін айналысады. Жастар ғана емес зейнеткерлер де келіп жүр. Маңызды деген спорт түрінен бірнеше үйірме жұмыс істеп тұр.

Осыған ұқсас "Үшқоңыр" спорт кешені өткен жылы Шамалғаннан ашылған. 6 гектарлық алып ғимаратта, екі мыңға жуық бала спортпен айналысып жүр. 18 түрлі спорт үйірмесі ауылдағы 120-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Дәурен ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, «ҮШҚОҢЫР» СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Алматы облысында алтыға жуық үлкен спорт кешендері ашылды. Соның басты мақсаты – Елбасымыздың қолдауымен осы спортпен шұғылданатындар жалпы тегін спортпен айналысады.

Ауылда спорттан бөлек құрылыс нысандары да бой көтергенін айта кеткен жөн. Әлеуметтік маңызы жоғары сондай нысанның бірі Шамалғандағы темір жол үстімен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір. Оған, жергілікті қазынадан 372 млн теңге бөлінген. Бұл, жол-көлік апаты жиі болатын қауіпті жерлердің бірі еді. Былтыр ғана дәл осы орында жолаушылар пойызы мен қоғамдық көлік соқтығысып арты қайғылы оқиғаға әкеліп соққан.

А. Кемелжан