Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Кейбір аймақтарда нан мен картоп бағасы өсті

Кейбір аймақтарда нан мен картоп бағасы өсті

Елімізде кейбір аймақтарда азық-түлік бағасы көтеріліп келеді. Таразда нан бағасы 10 теңгеге қымбаттаса, Солтүстікте картоп құны 2 есеге дейін өскен. Кенеттен көтерілген баға әрине тұтынушыларды алаңдатты. Өнім құны неге өсті? Шаруалар мен жергілікті билік не дейді? Абзал Құрманкин анықтап көрді.

Картоп құны басқа аймақтарды қойып солтүстіктің өзінде көтеріліп кеткен. Бүкіл елді картоппен жарылқап отырған теріскейде өнім құны екі есеге дейін өсіп кеткен. Ішкі өнімнің осынша шарықтауы жергілікті тұтынушыларды таң қалдырды.

Тоқтар ОКУШЕВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
 
Біздің облыста мұндай өнім неге қымбат? Алыстан тасымайды ғой. Жолға шығындалмаған соң, арзан бағаға сатуға болар еді.

Ал шаруалар болса, картоп бағасының өскенін құп көреді. Сөздеріне қарағанда, биылғы қуаңшылық талай ферманы тақырға отырғызыпты.

Александр ДМИТРИЕВ, ШАРУА:

Биыл мен екі есе аз өнім алдым. Бір гектар жерден 9 тонна ғана картоп алдым. Кейбір шаруаларда ол да жоқ. Былтыр қар аз түсті, жазда аптап ыстық болды. Тұқымға 9 млн теңге жұмсасам мемлекет соның 500 мың теңгесін ғана субсидиялады.

Жергілікті билік бағаны тұрақтандыруға тырысып ақ жатыр. Олар, картопты шаруалардан бюджет есебінен сатып алып, сауда орындарына арзан бағаға жеткізіп бермек.

Медет ОСПАНОВ, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Спк-ның алты точкасында қазір картоп сатылып жатыр. Оның бағасы 80 теңгеден. Жалпы бүгінгі күні спк қорына біз закуп жасадық. Бүгінгі күні 500 тонна жасалынды. Тағы 300 тоннаға келісім шарт жасау жоспарланып отыр. Әлеуметтік нан бүгінде өзгерген жоқ. Өзгермейді ол, 61 теңге бағасы. Сәбіздің бағасы міне 70 теңге, қырыққабаттың да бағасы 70 теңге.

Солтүстікте картоп құны өссе, Таразда нан бағасы бір күнде 10 теңгеге көтеріліп кеткен. Шенеуніктердің айтуынша, бағаны наубайханалар себепсіз қымбаттатып жіберген. Қаладағы 6 наубайхананың 5-і бағаны бірден көтеріпті. Ал кәсіпкерлер болса, "бұл еркісіз қадам", дегенді айтады. Наннан бұрын шикізат құны 30 пайызға өсіп кетіпті. Қалай болғанымен, тараздық атқамінерлер, бұрынғы бағаны қайтарамыз, деп отыр.

Берік НЫҒМАШЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Нан бағасын қайтадан  қалпына келтіреміз. Оған қоса антимонопольный органдар да кірісті бұл мәселеге. Тиісті салық департаменті, барлықтары кірісіп жұмыс тобы құрылды. Міндетті түрде шара қолданады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Негізі солтүстікте картоп бағасы жылда өседі. Күзгі қара суық келгенде өнім құны 200 теңгеге дейін барады. Былтыр солай болған. Ал, жергілікті шенеуніктердің араласуынан нәтиже көрінбейді. Петропавлде - жылда Дежавю!

А.Құрманкин