$511.22 €540.05 ₽4.73
×

Коронавируспен ауырған әр екінші адамның жүйке жүйесіне зиян келеді

AstanaTV
28.10.2020ж. 20:00
3150
Коронавируспен ауырған әр екінші адамның жүйке жүйесіне зиян келеді

Коронавируспен ауырған әр екінші адамның жүйке жүйесі сыр береді. Бұл туралы медицинадағы отандық ғалымдар айтты. Әсіресе, жұқпалы індеттің зардабы психологиялық ауытқуы бар науқастарға оңай тимейтіні дәлелденген. Індеттің тағы қандай зардабы бар? Әріптесім Асылбек Данияр анықтауға тырысты.

Жаһан халқын әуреге салған "тәж" тажалы, өкпені ғана емес басқа да ағзаларды зақымдайтыны анықталып отыр. Әсіресе, науқастың жүйке жүйесіне. Халықаралық "Қызыл крест" комитетінің жүргізген сауалнамасы осындай нәтиже көрсеткен. Індетті жұқтығандардың 50 пайыздан астамында психологиялық қысым болыпты. Мамандардың дерегінше, пандемия кезінде психологтарға жүгінетіндердің де саны артқан.

Бақытжан НҰРАЛИЕВ, ҚР ДСМ "РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ" ШЖҚ РМК БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСШЫСЫ, м.ғ.к.:

Жүйкесі ауыратын және психологиялық ауытқуы бар науқастардың температурасы болғаннан кейін миға қан жетіспеушілік, сосын ми қантамырларына кислород ауа жетпейтін болғаннан кейін осы аурулар асқынуы мүмкін.


COVID-19 расталмаған, бірақ індеттің белгілері бар пневмонияның да зардабын тартып жатқандар көбейіпті. Олардың арасында жүкті әйелдер де бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде өкпе қабынуынан бойына бала біткен 136 келіншек көз жұмған. Биылғы жылдың тоғыз айлық есеп бойынша қайтыс болу дерегі: Ақтөбе облысында 13, Қызылордада 9, Шымкентте 7 есеге өсіпті. Мәселен, Ақтөбеде 14 әйел босану кезінде жан тапсырған. Дәрігерлер өмірге келген 9 сәбиді аман алып қалыпты.

Нұрлан КОЖИН, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл ана өлімінің он төрт жағдайының тоғызы ковидтік пневмониядан болды. Жетпіс пайызға жуығы десе болады. Қалған 3-уі экстрагениталды ауытқудан тағы екі жағдай қосалқы аурулардан болды.

Бүгінде республика көлемінде бес мыңға жуық жүкті әйел, ковид-19-ға шалдыққан. Қазіргі таңда, Ақтөбедегі ауруханаларда өкпесі қабынған 4 болашақ ана емделіп жатыр.

Анар АКАТАЕВА, АҚТӨБЕ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өкінішке орай пандемия кезінде жүкті әйелдер өте ауыр халде аудан орталықтарынан санавиациямен жеткізілді. Оларың көпшілігінде өкпелері қабынған. Дем жетпей жатқан адамға  қант диабеті, созылмалы артериялық гипертензия, гистозонды гипертензия басқада қосымша аурулары қосылып жағдайлары күрт нашарлап кетті.

Елде соңғы кезде коронавирус пен пневмонияны жұқтыру дерегі тұрақталмай отыр. Пандемия басталғалы қытайлық кеселден 1835, өкпе қабынуынан 396 науқас қайтыс болған.

А. Данияр, Б. Рахметова