Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Таразда наркологиялық орталықта суицид жасаған жігіттің өліміне екі полиция қызметкері айыпталды

AstanaTV
29.10.2020ж. 20:00
2369
Таразда наркологиялық орталықта суицид жасаған жігіттің өліміне екі полиция қызметкері айыпталды

Тараз наркодиспансерінде өзіне өзі қол салған жігіттің өліміне екі полиция қызметкері айыпталды. Сотта айтылған ақпаратқа қарағанда тәртіп сақшылары, қызметін асыра пайдаланған. Алайда оған, бұрынғы полицейлер келіспейді. "Міндетімізді адал атқарғанымыз үшін істі болдық", дейді олар. Берік Жұмабайұлы тақырыпты өрбітеді.

Айып арқалаған бұрынғы тәртіп сақшылары, облыстық прокуратураға шағымданып келді. №2-ші қалалық сот шешіміне сәйкес, экс-полицейлер 2,5 жылға бас бостандығынан шектелген. Экс-полицейлер болса, "міндетімізді адал атқарғанымыз үшін айыпты болдық", деп отыр. Айтуларына қарағанда, былтыр олар кезекші бөлімге түскен шағым бойынша шақыртуға барған. Ол жерде ішімдік ішкен жігіт полицияға дөрекі мінез көрсетіп, балағаттаған көрінеді. Артынан, полиция бөлімі шешіміне сәйкес мас азамат наркологиялық орталыққа жеткізілген. Кейіннен әлгі жігіттің осы орталықта өзіне өзі қол салғаны белгілі болды.

Ринат САРБАЕВ, СОТТАЛУШЫ:

Сол суицид дерегі бойынша барлық кінәні бізге жауып жатыр. Ол азаматты өздері алып қалса, не болмаса дәрігер жатқызамын десе мен өз қызметімді асыра пайдаланып түсінбейтінім ол азаматты алып кетуім керек пе еді? Не болмаса сонда полиция қызметкерлерін көшеде әрбір азамат ішіп алса, полиция қызметкерін балағаттаса, қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық анық белгілері барын білі тұра жібере салуым керек пе еді?

Осыдан кейін екі тәртіп сақшысы істі болыпты. Сот, "екі полиция қызметкері лауазымдық өкілеттіліктерін асыра пайдаланды", деген шешім шығарды.

Данияр ӘУБӘКІРОВ, СОТТАЛУШЫ:


Алайда мен ол шешіммен келіспеймін. Өйткені біз әріптесіміз екеуміз толық өзіміздің функционалдық міндетімізді толығымен атқардық.

Облыстық прокуратура болса, бұл істің нүктесі аппеляциялық сотта қойылатынын айтып отыр.

Ақерке ІЗБАНОВА, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:
 
Аппеляциялық сот өзінің шешімін шығару керек. Істі оңды солды қарап, өзінің шешімін шығарады. Сіздер асықпаңыздар.


Бірінші инстанция шешімімен марқұмның туыстары да келіспей отыр. Айтуларынша, судья тым жеңіл жаза қолданған. Себебі, марқұм полицияны "жәбір көрдім", деп шақырған көрінеді. Ал олар, бұзақыларды табудың орнына шағымданған адамды алып кетіпті.
 
Данияр КЕНЖЕҚҰЛОВ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:

Судьяның шешімімен біз толықтай келісе алмаймыз. Өйткені олардың атқарған қылмысының ауыртпалығын ескере отырып, біз ойлаймыз өте жеңіл шешім оларға.

Бұл істің жүріп жатқанына бір жылдан асты. Марқұмның туыстары, "Бұл істе полиция қызметкерлері ғана емес наркологиялық орталық мамандары да жауапқа тартылуы керек", дейді. Ал, бұрынғы тәртіп сақшылары болса, әділдік іздеп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазамыз деп отыр.

Б.Жұмабайұлы