×

Ерекше фотолар: президенттердің әйелдері, Йемендегі аштық, Солтүстік Корея «желкесі»...

AstanaTV
23.09.2017ж. 20:00
Ерекше фотолар: президенттердің әйелдері, Йемендегі аштық, Солтүстік Корея «желкесі»...

Енді осы аптадағы ерекше фотоларға тоқталсақ. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев БҰҰ мінберінен Таулы Қарабақ туралы айтып тұрғанында оның жұбайы Мехрибан мен қызы Лейла бір-біріне қарап, бірнәрсеге күлімсіреген, сосын қызы таңғалған түрмен бірнеше селфи жасаған. Оның бұл әрекетін сол жиынға қатысқандар түгел көрген, себебі ол сәт экранда трансляцияланған. Ал Әзірбайжан президенті қарабақ конфликтісін бейбіт шешу жолында ілгерілеушілік жоқ деп, Арменияға санкциялар салуға шақырған.

Нью-Йоркке БҰҰ Бас ассамблеясының 72-сессиясына барған президенттердің жұбайлары бейнеленген фотолардың топтамасы да қызық. Міне, тағы да Мехрибан ханым, Меланья Трамп. Франция президентінің жұбайы Бриджит ханым. Ал мына жерде Украина президентінің зайыбы Марина Порошенкомен түскен. Мына фотода көрші ел – Қырғыз республикасының президенті Алмазбек Атамбаевтың қосағы – Раиса Атамбаева.  

Ал мына видеоны «BBC Russian» порталы жариялады. БҰҰ есебі бойынша 20 миллион йемендік гуманитарлық көмекке мұқтаж. Ел тұрғындарының үштен екісі. 2014 жылы басталған қарулы қақтығыстардан кейін бұл елді безгек жайлаған. Йемендегі гуманитарлық дағдарыс масштабы бойынша бұрын соңды болмаған. Йеменде аштықтан әлсіреп жатқан баланы саны - 2 миллион, 7 млн тұрғыны ашқұрсақ...

Ал мына фотоны «желке» деп атауға болатын шығар. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын зымыранның ұшырылуын бақылап отыр. Айтпақшы ол АҚШ президентінің «Егер Америка мен оның одақтастарының қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса, АҚШ Солтүстік Кореяны құртып жіберуге дайын» деген сөзіне жауап берді. Дональд Трамп 19-қыркүйекте Ким Чен Ынды «өз-өзіне қол жұмсау жолына түскен зымыран адам» деп те атаған еді. Ким Чен Ын болса «америкалық ақымақ шалды отпен тұсайтын шығармын», -деген. «АҚШ президентінің шизофрениялық тап беруі жай адамды ақыл мен сабырдан айырады» дей келе, "Қорқып қалған ит әдетте қаттырақ үреді» деп қосқан, мемлекеттік телеарна арқылы жасаған мәлімдемесінде. Жақында Ресей президенті «Солтүстік Корея шөп жейді, бірақ қайтпайды» деп, бұл елдің әскери доқтан ықпайтынын айтқан. Яғни аштан өлуге бар дегені... Сан бояулы әлем. Мына фотода Біріккен Араб әмірліктері, Дубайдағы әйгілі Бурдж-Халифаның 124-қабатының шынысын жуып жатқан өндірістік альпинист.